Қарттарға құрмет көрсетілді

Қарттарға құрмет көрсетілді
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Әрбір елдің қасиет тұтатын ерекше ұғымдары болады. Біздің халық үшін осындай қасиеттердің бірі – қарттарды құрметтеу. Олар – елдің алтын діңгегі.

«ҚР Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің бастамасымен құрылған арнайы топ Қарттар айлығы аясында қарт жауынгерлердің әрқайсысының шаңырағына барып, амандасып, қал-жағдайларын біліп, сый-сияпаттарын ұсынып, қолбасшылықтың Алғыс хатын тапсырды. Олардың қатарында 101 жасқа келіп отырған, әйгілі Панфилов дивизиясының қарт жауынгері Қайырлы Жоңқабаев, отставкадағы полковниктер Ғалымжан Бакишев, Магомед Майндуров, Василий Мезин және тағы басқалар бар. Сонымен қатар, қарияларға материалдық көмек беруге әскер ардагері Малик Тохтахунов демеушілік жасап, үлкен көмек берді», – дейді подполковник Бақыт Әліпбаев.

«Оңтүстік өңірде әскери салада еңбек еткен қарт ардагерлеріміз баршылық. Алматының өзінде 30-ға тарта қариямыз бар. Абыз ақсақалдар біз үшін нағыз еңбекқор тұлғаның үлгісі болса, жастарымыз үшін тәрбиенің қайнар бұлағы. Сондықтан алдыңғы буын аталарымыздың дені сау, ғұмыры ұзақ болсын, ақсақалдарымыздың отырған орны жастар жүгінетін, оларға жол сілтейтін ақ  орда болсын», – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Асатолла Құлахметов.

Ел тыныштығын тілеп, батасын берген ардагерлер өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді.