«Қарамай дауылдарға, жауындарға...»

«Қарамай дауылдарға, жауындарға...»
Сурет: ашық дереккөз

немесе биік-биік ғимараттар салып жүрген құрылысшы өмірінен бірер сөз

Кез келген елдiң әлеуметтiк әлеуеті оның құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Біздің отандық құрылыс индустриясында жылжымайтын мүлік нарығының көшбасшысы болып танылған BI Group – ірі инновациялық құрылыс холдингі. Аталған іргелі холдингте жоғары білікті 5000-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың сапында біздің бүгінгі кейіпкеріміз, инженер- құрылысшы, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері Болат Тұңғышбеков те бар.

Осынау мәртебелі мамандық­тың жүгін 38 жылдан бері көтеріп келе жатқан Болат Қосақұлы әу баста құрылысшы болуды емес, заңгерлік жолға түсуді армандаған болатын. Тумысынан шыншыл, әділ, адалдықты сүйетін, орнықты мінезді, бір сөзді, өтірікке жаны қас азаматтың бітім-болмысы да бұл салаға жат емес-тін.

Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінде оқуды қатты ар­мандайтын. Бірақ үйдің кенжесі болғасын, ата-анасы оны алысқа, Алматыға жібергісі келмеді. Сон­дықтан туған елде қалып, сол тұста Шымкентте ең ықпалды оқу орны саналған Қазақ химия-технология­лық институтына оқуға түсіп, «Өнеркәсіптік және азаматтық құ­рылыс» мамандығын үздік белгімен тәмамдап шықты. Алғаш­қы еңбек жолын туған жерінде бастады. Екі жыл жұмысшы болды. Одан іскерлігін, шеберлігін бағала­ған басшылық мастер, сосын про­раб қызметіне көтерді.

Бірде қаладағы тұрғын үй­лердің бірінің жанынан өтіп бара жатыр еді, ауладағы құмның үстін­де сүйкімді балдырғандар бір-бірі­не былдырлай сөйлеп, ойыншықта­рымен шат-шадыман күйде мәз болып ойнап отыр екен. Сонадайда балаларына қарайлап, бір-бірімен шүйіркелесіп аналары, әжелері отыр. Сол сәтте жас құрылысшы­ның кеудесін мақтаныш кернегені бар. «Бұл біз салған, біздің қолы­мыздың табы қалған үй ғой, үлкен­ге де, кішіге де жайлы болғанын көрген қандай ғанибет!» деп күбір­леген іштей сонда. Шыны керек, өз мамандығының ғажаптығын да сол кезде мойындаған. Біздің кейіп­керіміз сол бір әсерлі сәттен бастап өзін басқа салада елестеткен емес.

МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ

Одан кейінгі ірі жобаларды қолға алған сәті 2005 жылы Алма­тыға қоныс аударғанда, «Айсель Қазақстан корпорациясы» ЖШС- де учаске басшысынан басталды. Қазіргі күні «Алматы қаласының Алатау ауданындағы Инновация­лық шығармашылық орталығы» жобасының (BI GLOBAL ЖШС) учаске басшысы. Аталған жоба, яғни заманауи Оқушылар сарайы жақын арада балалар игілігіне бері­леді. Жаңа ғимараттың тұсаукесер тойы таяу деген сөз. Бұған дейін инженер-құрылысшы Болат Тұңғышбековтың тікелей атсалысуымен мегаполистегі «Алатау» ем­деу-сауықтыру кешені, «Қайта жаңартылған Телеорталық», «Қал­қаман» ықшамауданындағы 1800 орынды мектеп пайдалануға беріл­ген болатын.

– Мамандық таңдау – оқу, дип­лом алу ғана емес, ол – өмір жо­лыңды дұрыс таңдау деген сөз. Сондықтан мамандықты таңдауда қателеспеген дұрыс. Мамандығың­ды риясыз сүю керек, сонда жетістікке жетесің. Қазіргі жастар­ға жиі айтып отыратын сөзім осы. Яғни дұрыс таңдалған мамандық иесі қашанда өз ісінің шебері, әрі білгірі болып, сұранысқа ие болып жатады. Ол өз таңдаған бағытын жақсы көріп, сол саланың мақтаны­шына айнала алады. Біздің холдинг жас мамандарға жағдай жасап оты­рады. Біз жақсы кадрларды өз ішімізде тәрбиелеп, кәсіптік бағдар беріп, жетілдіріп, биікке шығарып отырамыз. Ал жақсы маман – жақ­сы жұмыстың кепілі, – дейді Болат Қосақұлы.

Құрылысшы мамандығының қиындығы сол, олар нұсқау беріп жылы кабинетте отырмайды, жыл­дың төрт мезгілінде де сыртта, да­лада, шіліңгір шілденің аптап ыс­тығында, төпелей құйған жаңбырдың астында, желдің өтін­де, ақ қар, көк мұзда аяқтан суық өтіп немесе шаң-тозаң жұтып, жұ­мыстың мінсіз, сапалы болуы үшін қас қарайғанша құрылыс басында жүреді. Ал бірақ неше күн, неше түн, қаншама айлар ұйықтамай жасалған жұмыс аяқталып, көз ал­дарында аппақ, еңселі ғимарат жарқырап шыға келгенде, қиналған күндерінің бәрі де ұмытылып қала­тыны бар. Бұл – біздің кейіп­керіміздің риясыз сөзі. Иә, олар әрдайым адамдардың игілігі үшін қызмет етіп жатқанын мақтан етеді. Құрылыс алаңында тер төккен құ­рылысшылар – негізгі еңбек күші. Олар Алматыны түрлендіріп, оның жаңа келбетін қалыптастыруда ерен еңбек сіңіріп жүр.

«АТ ТҰЯҒЫН ТАЙ БАСАР»

«Ат тұяғын тай басар» демекші, Болат Қосақұлының ұлы Диас та майталман құрылысшы бүгінде. Әке өкшесін басып, ізін жалғап келе жатқан ұрпағының болашағынан көп үміт күтеді. Кезінде өзі баптап, өзі жол көрсетіп, тәрбиелеген, осы мамандыққа баулыған ұлының лауа­зымы қазір әкеден жоғары. Яғни құрылыс жобасы жетекшісінің орынбасары. «Әкеден ұл туса игі, әкенің жолын қуса игі» дейді қазақ нақылы. Сондықтан әрине, әке биік­ке самғаған ұлының жетістігін ас­қан мақтанышпен айтады.

Өзі де әкесінен көп жақсыны сіңіре білді. Әкесі Қосақтан еңбек­қорлықты, қолға алған іске әрда­йым жауапкершілікпен қарауды, отбасына адал болу сынды қасиет­терді дарытты. Ал аяулы анасы Ұлданайдың күнде дастархан ба­сында айтатын «Бақ, қайда бара­сың?» десе, «Ынтымағы жарасқан үйге барамын» дейді екен. Құлын­дарым, әрдайым бауырмал, бір- біріңмен ынтымақта болыңдар» деген сөзі жүрегінде мәңгіге жазы­лып қалған. Мейірімге толы үні де күні бүгінгідей құлағында. Бүгінде сол сөздерді өз балаларының да жүрегіне қондырды. Ұл-қызы, тіпті немерелері де бір-біріне бауырмал. Болат Қосақұлы бұл сәттерді әлемнің ешбір ғаламатына айыр­бастамақ емес.

Ауылға, елге барғанда атпал азамат екенін бір сәтке ұмытып, анасының алдына дәл бала күндегі­дей еркелей жата қалатын сәттер де бүгінде сағынышқа айналған. Елге барып келген сайын шешесінің ба­сынан сипаған алақанынан керемет жылу алып қайтушы еді. Сондық­тан болар, бүгінде өзінің жасы пайғамбар жасына жетіп қалса да, әлі күнге аяулы анасы еске түскен­де, кеудесін сағыныш кернеп, көзі балаша жасаурап қалатыны бар.

БАҚЫТ ҮЙІ

Байлық деген ол үшін ақша еме с, денсаулық, отбасының бүтіндігі, ағайын-туыстың аманды­ғы, қажет шақта жаныңнан табыла­тын жақсы дос, міне, Болат Қосақұлы үшін баға жетпес байлық осы құндылықтар.

Ол әрдайым өз-өзіне сүйеніп үйренген жан. «Жақсы болса – өзімнен, жаман болса да – өзімнен» деген ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан азамат. Әлдебір мәселелер­де өзгелердің де ой-пікірін тыңдай­ды, зерделейді, таразылайды, бірақ жеме-жемге келгенде өз ұстаны­мында қалады. Осы орайда Абай­дың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі бейне өзіне айтылғандай.

Біздің кейіпкеріміз жар таңдауда да қателеспегенін айтады. Жары Сара Үсенқызы – фармацевт. Екеуі үлкен сүйіспеншілікпен отау құр­ған. Жас отбасының алдында екі таңдау тұрды: дайын пәтерді сатып алу немесе жер алып, үй салу. Жас­тар соңғысын таңдады. Яғни олар «Бақыт үйін» өз қолдарымен тұр­ғызғысы келді. Және тұрғызды. Көмекке, әрине, бір құрсақтан шық­қан бауырлары да келді. Сол «Бақыт үйі» туған жерде әлі тұр, Алматыға көшерде сатуға да қиған жоқ, бақыт­тың мәңгі болғаны жақсы ғой. Қазір бақыт, шаттық, қуаныш шақырып тұратын, бәрінің басын қосатын сол үйде інілері тұрып жатыр.

ТЕЛЕФОН

Бүгінгі өміріне еш өкпесі жоқ. Егер ғайыптан барлық өмірін ба­сынан қайтадан сүру мүмкіндігі беріліп жатса, бір сәтін де, бір па­рағын да өзгертпестен, дәл осы өмірін қайта сүруге пейілді. Иә, кей-кейде жүрегін сыздатып өтетін бір жағдай бар. Кенже ұлы өмір­ден ерте, небары 24 жасында өтіп кетті. Ондай сәттері кеудесін мұң кернейтіні бар. Бірақ «Тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деп өз-өзін жұбатып, бойын тіктеп ала қояды.

Бүгінде ұялы телефон өміріміздің айнымас бөлшегіне ай­налған. Барлық жұмысты да сол алақандай құрылғымен-ақ тындыра беретін болғанбыз. Тіпті, кейде жұ­мысбастылығымызды сылтауратып көп нәрсеге уақыт таппай жатамыз. Бірақ біздің кейіпкеріміз балалары үшін әрдайым уақыт табады. Өзімен бір сапта, иық түйістіріп қатар жүр­ген ұлы Диаспен телефонмен күніге бірнеше мәрте сөйлеседі. Істеп жүр­ген жұмысы, саласы бір болғандық­тан шығар, ой-пікірлері де көбіне бір арнада тоғысып жатады. Бүгінде Түркияда тұрып жатқан қызы Гүл­данасына «әке» деген дауысын есту, сағынышын басу үшін жиі қоңырау соғады. Әрине, осындай алтын асықтай ұл мен күміс қасықтай қыз сыйлаған, 36 жылдан бері ыстық- суыққа бірге төзіп келе жатқан жа­рына деген сүйіспеншілігі жоғары. Жұма басталған сәттен келіншегі тәтті, дәмділерін қамдай бастады. Сосын «біз шықтық» деп телефон соғады. Иә, сенбі, жексенбіде неме­релері келіп, ата-әженің үйін шуаққа толтырып кетеді.

Ал осындай бақыт құшағында өмір сүріп жатқан құрылысшының еңбектегі әр сәті, әр жұмысы сәтті болмауы тіпті мүмкін емес.

Шыққан биігіңіз аласармасын, мәртебелі құрылысшы!

 BI GROUP – Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығының көшбасшысы

Біздің кейіпкеріміз Болат Тұңғышбеков еңбек ететін BI Group Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында 1995 жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде кәсіби және сенімді серіктес деген атқа лайықты болды.

BI Group – бүгінде құрылыс, девелопмент және инжиниринг сияқты әртүрлі салаларда бөлімшелер мен дирекциялардан құрал­ған, құрылымы әртараптандырылған холдинг.

Холдинг жылдан-жылға дамып, қазақстандықтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, Қазақстан экономикасының да­муына сүбелі үлесін қосып келеді.

BI Group барлық деңгейлерде тұрғын үй салады. Қазақстан ау­мағынан тыс жерлерде де құрылыс саласын дамытуда. Халықара­лық мұнай-газ компаниялары үшін аса күрделі жобаларды жүзеге асырады және таяу шетел нарықтарын игеруде.

Құрылыс саласындағы ауқымды мемлекеттік бағдарламаларға қатысады. Өз қызметкерлерінің кәсіби тұрғыда өсуіне және олар­дың тұрақты оқуына қолайлы жағдай жасайды. Қайырымдылық жобаларымен де алғы шепте жүрген компания.

Холдинг халықаралық қаржылық ашықтық стандарттарын, бизнесті жүргізудің этикалық қағидаттарын, командалық рухты ұстана отырып, корпоративтік басқарудың үздік әлемдік тәжіри­белеріне сүйенеді.

Холдинг «Ең үздігін таңда»: жоба, команда, технология, ме­неджмент» қағидаты бойынша жұмыс істейді. BI Group-тың 100-ден астам басшысы MBA дәрежесін иеленген.