Қаңтарда өртенген ғимарат жөнделуде

Қаңтарда өртенген ғимарат жөнделуде
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Қаламыздағы Республика алаңы 13 мекенжайында орналасқан бизнес-орталықты жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Ғимараттың сыртына арнайы қорғаныш мата жабылған, ішкі құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанына шамамен бір жылға жуықтады.

2022 жылғы қаңтарда Алматыда болған қайғылы оқиғалар кезінде қираған ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын «Қазстройцентр» ЖШС мердігерлік компаниясы жүргізеді.

Аталған ЖШС өкілдері қазіргі уақытта нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын «Вечерный Алматы» газетінің тілшісіне айтып берді. Екінші, үшінші және жоғарғы қабаттарда қатты ыстанған қабырғалар мен бос терезелердің орны көрінеді. Қасбеттер мен сыртқы жұмыстарды жүргізетін құрылысшылардың міндеті - терезелерді ауыстырып, қасбеттің қатты зақымданған жерлерін қалпына келтіру.

Нысанды қалпына келтіру жұмыстарымен  арнайы шеберлер және инженерлер тобы, барлығы 30-дан астам жұмысшы айналысып жатыр. Жөндеуді жауапкершілігіне алған құрылысшылар жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде – осы жылдың желтоқсанында аяқтауға сөз беріп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қаңтар айында Жаңаөзен қаласындағы газ өндіретін өнеркәсіп қызметкерлерінің наразылық акцияларынан кейін сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты Қазақстанның басқа өңірлерінде де жаппай толқулар мен тәртіпсіздіктер басталған болатын.

Алматыда 2022 жылғы 4-5 қаңтарда орын алған наразылық соңы жаппай тәртіпсіздікке, оның ішінде үкіметтік мекемелерге, әкімдік ғимараттарына, ішкі істер органдарына, прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға, сондай-ақ кәсіпкерлердің дүкендеріне, банктерге, кеңселер мен қоймаларға жасалған шабуылдарға ұласты. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне шабуылдар, атыс, автокөліктер мен ғимараттарды өртеу, тонау сияқты тәртіпсіздіктер де орын алды.

Қала әкімдігінің ғимараты қиратылып, өртелді. Басқа нысандармен бірге еліміздің жетекші телекомпанияларының кеңселері орналасқан Республика алаңы 13  бизнес-орталығының ғимараты да зардап шекті. Рейдерлер мен тонаушылар ғимаратты талқандады, қымбат жабдықтарды қиратты, телеарналардың қызметкерлерін ұрып-соқты. Соның кесірінен бүкіл құрылымға орасан зиян келді. Бірнеше күннен кейін қала мен елдегі тәртіп қалпына келтірілді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері бойынша, тек Алматыда болған тәртіпсіздіктің залалы  92,4 млрд теңге болған.