Қаңтар оқиғасында ауыр жарақат алған полицей мемлекеттік марапатқа ие болды

Қаңтар оқиғасында ауыр жарақат алған полицей мемлекеттік марапатқа ие болды
Сурет: polisia.kz

Мемлекеттік марапатты Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров табыс етті

Қаңтар оқиғасында ауыр жарақат алған полицей мемлекеттік сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Президент Жарлығымен қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны, сондай-ақ қалада заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Алматы қаласы Әуезов аудандық ПБ учаскелік инспекторы Ғазиз Нұрғалымов ІІ дәрежелі «Айбын» медалімен марапатталды.

Тәртіп сақшысына мемлекеттік марапатты Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров табыс етті.

«Біріншіден, сіздерге, Ғазиздің ата-анасына, лайықты ұл тәрбиелегендеріңіз үшін барша ұжым атынан мың алғыс. Мен бүгін Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен мемлекеттік сыйлықты табыстау үшін арнайы миссиямен келдім. Ғазиздің тезірек сауығып кетуін тілейміз. Біз алдағы уақытта да қолдау мен көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Алматы полициясының басшысы.

Еске салайық, аға лейтенант Нұрғалымов биыл қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктерді басу кезінде ауыр жарақат алған болатын.

Жүздеген ашулы демонстранттың шабуылы мен соққысынан Ғазиздің екі бүйрегі де істен шықты.
Қазір гемодиализден өтіп, ота жасатуға дайындалып жатыр.