Қандастардан сәлем

Қандастардан сәлем
ainews.kz

Бейжің Олимпиадасы қандас бауырларымыздың көптеп қатысуымен де ерекшеленді.

Қытай құрамасы сапында конькиші Ақнар Адақ, шаңғышылар Бәния Жәлен және Қадыс Беделхан өнер көрсетті. Ақнар жеке жарыстарда да, командалық сында да өте жақсы өнер көрсетіп, жұрт ықыласына ие болды. 1000 метр қашықтықтағы жарыстан кейін ол өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға арнайы бейнешолумен жауап қатып, ыстық ықыласын жеткізді.

Ал Пхенчхан Олимпиадасының чемпионы, биатлоншы Динара Әлімбекова (Беларусь) осы жолы жүлдеге іліне алмады. Әлем кубогында жеке сында екінші орында келе жатқан қандасымыз Бейжіңде жеке жарыста жүлдеге мейлінше жақын келген еді. Бірақ соңғы ату кезегінде бір рет мүлт кетіп, қолда тұрған жүлдеден айырылды.

Қорыта келгенде, Бейжің Олимпиадасы белгіленген мерзімде, алайда аса зор шектеулер аясында өткізілді. Шетелдік туристер Қытай астанасына бара алған жоқ. Қазақстан құрамасы 8 спорт түрінен жарысқа түсіп, салыстырмалы түрде шорт-трек, конькимен жүгіру және фристайл бағдарламаларынан тәуір нәтиже көрсетті.

Ал шаңғымен жүгіру, биатлон, шаңғымен тұғырдан секіру, тау шаңғысы спортынан көрсеткіш тым төмен болды. Тұңғыш рет Олимпиадаға қатысқан шаңғы қоссайысынан да спортшымыз айтарлықтай жоғары жетістікке жете алмады.

Естен САБАЛАҚ