Қадыр Мырза ӘЛИ. Еркек бүгiнiн, әйел ертеңiн ойлайды

Қадыр Мырза ӘЛИ. Еркек бүгiнiн, әйел ертеңiн ойлайды
almaty-akshamy.kz

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің "Алмас жерде қалмас" кітабынан әйел мен еркекке қатысты афоризмдерін оқи отырыңыздар. 

***

Әйел өзi ештеңе iстей алмаса да, күйеуiне iстетуге шебер.

***

Кейбiр әйел еркектен президент жасай бiледi,

Ал еркек әрi кеткенде оған үйленiп тынады.

***

Әйелдiң екi-ақ жолы бар:

Не алдау, не алдану.

***

Барлығына бас әйел,

Махаббатқа мас әйел.

Жан беретiн де осы әйел,

Жан алатын да осы әйел.

***

Көрiктi сұлу – көз қуанышы.

***

Күйеулерi сапарда жүрген кейбiр

келiншектер бiрер күнде құлпырып шыға келедi.

***

Әйел жеңе алмайды,

Жеңдiрмейдi де.

***

Ұяты бар әйел – шынында да әдемi әйел.

***

Әйелдiң туы – етегi, Егеспе!

Құлағың түр кеңеске, Егеспе!

***

Орманда адасу – бақыт қой,

Екi әйелдiң арасында адассаң,

Бiреуiнен айырыласың.

***

Әдемiлiк – арудың қаруы.

***

Қыз болмаса – бiз болмаймыз.

***

Күз – жемiс,

Қыз – өнiс.

***

Қыз – әрi базына, әрi қазына.

***

Қонағы – қырық...

Қонағы бар үйдiң құлағы түрiк.

***

Ерсiз әйел – жесiр,

Әйелсiз азамат – кесiр...

***

Әйел – сыңарың, сен үшiн құт,

Әйелсiз еркек жұрт үшiн жұт.

***

Еркектiң жөнi бiр басқа,

Әйелдiң жөнi бiр басқа.

Әйелмен еркек – марқасқа,

Еркексiз әйел – бiр қасқа.

***

Еркектiң зорлағаны –

Әйелдiң ақталуына жақсы.

***

Еркектi құртатын:

«Байқап көрсем қайтедi?»

Әйелдi құртатын:

«Нем кетiп барады?»

***

Әйелдiң жалаңашы еркекке ерсi көрiнбейдi.

***

Ынжық еркек

Әйелдiң жынын келтiредi.

***

Еркектерден көңiлi қалған әйел

Күйеуiмен ажырасып тынады.

***

Кейбiр әйелдiң өзi көрiксiз болғанмен,

Құрбысы келiстi келедi.

***

Әйелдiң қорғанысы шабуылға татиды.

***

Сөзуар әйелмен сөйлескенде

Бұзылған әйелдi сағынасың.

***

Ару алдырмайды,

Сайқал қамшы салдырмайды.

***

Бала кезде анаңның,

Қартайғанда әйелiңнiң қамқорлығында боласың.

***

Келiншегi сұлу жiгiтке шам жағып керегi жоқ.

***

Әдемiлiкке ақыл қосылғанда

Жеңiлмейтiн жiгiт жоқ.

***

Oзi әдемi, өзi ақылды әйел

Кез-келген жiгiттi жетектеп жүре бередi.

***

Әдемiлiк пен ақыл бiр басқа қонбай,

Екеуi екi жаққа кетсе, әйелдiң соры.

***

Кемпiрдi кемпiр демей,

Көп жасаған қыз деу керек.

***

Еркек өз аэродромынан ұшып,

Әйелдiң аэродромына қонады.

Жанармайы таусылып бара жатса,

Басқа жерге де қона салады.

***

Әйелдiң көркi өзiнде,

Бөркi байында.

***

Әйел – самаурын,

Қыз – тасқұман.

Күбi – бас құда.

***

Еркек – әйелдiң күзетшiсi емес, бағбаны.

***

Oз қамы – ел қамы,

Мейiрi қанғаны.

Алғаны – бергенi,

Бергенi – алғаны.

***

Әйелдiң өзiн Күн сезiнуi де,

Күң сезiнуi де күйеуiне байланысты.

***

«Әйелiм бар, не iстеймiн?» деме,

«Әйелiм болмаса, не iстер едiм?» де.

***

Ерлердiң көбi еркек бола алмай жүргенде,

Кейбiр әйелдердiң еркек болғысы келедi.

***

Еркек ұйымдастырады,

Әйел қиюластырады.

***

Әйелдiң өз әлiппесi бар,

Оны кез-келген еркек оқи алмайды.

***

Махаббат деген – тәннiң тартылысы,

Жанның қарпылысы...

***

Еркек сайтан болса,

Әйел қалай перiште болады?!

***

Әйел – Жаратқаның,

Оны қан жылатқаның –

Жаратқанды жерге қаратқаның!

***

Алсаң да мейлi қай елден,

Бақыт та, сор да – әйелден!

***

Жақсы ұрпақ қалдырған отбасы ғана бақытты.

***

Алдымен ойлан, алдымен ойлан!..

Содан кейiн барып

Қыздармен ойна!

***

Қыз – көктем,

Әйел – жаз.

Кемпiр – күз.

Үшеуiмен де өмiрде

Байлаулымыз бiз.

***

Ерлi-зайыпты екеу,

Бiрiнiң қадiрiн бiрi

Ажырасқанда бiледi.

***

Ерлi-зайыптылар бiрiн-бiрi өмiр бойы сүйiп өтулерi керек.

Қалғаны өзiнен-өзi шешiледi.

***

Ер мiнездi әйелден

Қыз мiнездi жiгiт артық.

***

Ерлi-зайыпты екеу сыммен жалғасқан телеграф бағаналары сияқты:

Бiрi құласа, екiншiсiн ала кетедi.

***

Ерсiз әйел – ерсiз арғымақ.

***

Күйеусiз әйел түк бүлдiрмей күнәлi.

***

Ақылды әйел күнәңдi кешiредi,

Ақымақ әйел отыңды өшiредi.

***

Ақылды әйел кiрiсiңе қуанады,

Шығыныңа мәз болады.

***

Екi қатын алғанның күнара рахаты,

Күн сайын азабы бар.

***

Қарып түсер отпысың?

Орып түсер тоқпысың?

Мың есе артық мысыңнан

Табиғи тән, ет мүсiн.

***

Әйел әйел бола түскен сайын сүйкiмдi,

Екiқабат әйел екi есе қымбат.

***

Еркек тойымсыз торпақ,

Әйел – шұрайлы топырақ.

***

Еркекке – серкелiк,

Әйелге – еркелiк жарасады.

***

Әйелдiң тағдыры еркектiң қолында,

Азамат бәрiн де iстейдi әйелдiң жолында.

***

Бақыттың үлкенi – Сүйгенiңе шығу.

***

Ер-азамат өз қанатымен ұшады,

Әйелдiң дөңгелегiмен қонады.

***

Ақырын сөйле, келiн,

Махаббатты шошытып аларсың!

***

Еркектiң атып құлата алмағанын

Әйел жатып құлатады.

***

Қылымсыған әйел қылмысқа дайын.

Әйелдiң күлгенiнен күлiмсiрегенi әдемi.

***

Ердiң мақсатын –

Қыздың бiр сәтi шешедi.

***

Әйелге еркек табу оңай,

Ер табу қиын.

***

Сұлудың сымбаты сыртында, сыры iшiнде.

***

Әйелдер болмысынан астроном:

Олар жердiң қызығы мен көктiң қызығын қатар көрiп жатады.

***

Махаббатсыз жылу жоқ,

Байсыз қалған сұлу жоқ.

***

Ұлылардың сөзi арқылы,

Сұлулардың көзi арқылы «уланасың».