Junior Eurovision-2022: Қазақстанға қалай дауыс береміз?

Junior Eurovision-2022: Қазақстанға қалай дауыс береміз?

Биыл Ереванда өтетін Junior Eurovision-2022 байқауына Қазақстаннан Давид Чарлин қатысады. Ол - «Baqytty Bala-2022» IV халықаралық байқауының финалисі. Қазақстандықтар жас өнерпазымызды финалда және одан кейін де дауыс беру арқылы өнерпазға екі жолмен қолдау көрсете алады. Ол үшін:

- https://junioreurovision.tv/ немесе https://jesc.tv/ сілтемесіне өту;

- байқаудың барлық қатысушысының композициясы бар қысқа бейнероликті көру;

- Давид Чарлинді және өзіңіз дауыс бергіңіз келген тағы екі қатысушыны таңдау;

- парақшаның төменгі тұсында «Дауысты қабыл алу» немесе «Submit my votes» батырмасын басу қажет. Дауыс беру - тегін.

Дауыс берудің бірінші кезеңі 10 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 01:00-де басталып, 11 желтоқсан күні сағат 20:59-да аяқталады. Дауыс берудің екінші кезеңі сайтта қатысушылар өнер көрсетіп болғаннан кейін 15 минутқа ғана қолжетімді болады.

Junior Eurovision 2022 халықаралық байқауының Гранд-финалы 11 желтоқсан күні Ереванда өтеді. Давид Чарлиннің өнерін «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінен 11 желтоқсанда Астана уақыты бойынша сағат 21:00-де тамашалауға болады. Байқауда қазақстандық әнші 3-ші болып өнер көрсетіп, «Жер-Ана» атты жаңа композицияны орындайды.

Junior Eurovision 2022 байқауына Қазақстаннан басқа Еуропаның 15 мемлекетінің жас орындаушысы қатысады. Еліміздің  осынау ауқымды байқауға қатысуы «Хабар» агенттігінің 2016 жылы Еуропалық Хабар тарату одағына (ЕВU) мүшелікке қабылдануының арқасында мүмкін болып отыр.

Аталмыш байқаудың жеңімпазы Ұлттық жюридің дауыс беруі және онлайн-дауыс беру арқылы анықталады. Дауыс беру жүйесі бұрынғыдай: 50% қазылар алқасы шешеді және 50% телекөрерменнің онлайн-дауыс беруіне байланысты болады.

Алдыңғы жылдары өнерпаздарымыз ұлттық жюриден жоғары баллға ие болғанымен, қазақстандық көрермендер белсенділігінің төмендігінен бас жүлдені иелене алмай қалып жүр. Сондықтан сіздерді Қазақстанға, Давид Чарлинге белсенді түрде дауыс беруге шақырамыз.