Ыстамбұлда Алматы музейлер бірлестігінің «Дала дауысы» халықаралық көрмесі өтті

Ыстамбұлда Алматы музейлер бірлестігінің «Дала дауысы» халықаралық көрмесі өтті
Cурет: 24.kz

Абай мен Құрманғазының, Жамбыл мен Нұрғиса Тілендиевтің домбыралары түркиялықтарға таныстырылды.

Ыстамбұл қаласында Алматы музейлер бірлестігінің «Дала дауысы» халықаралық көрмесі өтті. Бас консулдықтың қолдауымен ұйымдастырылған шара Тәуелсіздік күні мен Қазақстан-Түркия дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына орайластырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Көрмеде қала тұрғындарының назарына Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің қорындағы құнды жәдігерлер ұсынылды. Олардың қатарында белгілі тұлғалар қолданған аспаптардың дәлме-дәл көшірмелері де бар. Шараға келген түркиялықтар қазақтың көне музыкалық аспаптарын асқан қызығушылықпен тамашалады.

«Көрменің негізгі мақсаты - түбі бір түркі халықтарының музыкалық мәдениетін таныту, насихаттау. Түркия жұртшылығы біздің Ыстамбұл қаласында ұйымдастырып отырған көрмемізге өте қызығушылық танытып отыр. Ұлттық аспаптар бұл Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінің қорында сақталған бірегей аспаптар», - деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова. 

«Бүгінгі көрме тамаша өтті. Біздің мәдениетіміз бір, тарихымыз бір. Сондықтан дәл осындай көрменің біздің ауданда өткізіліп отырғанына өте қуаныштымын. Бір байқағаным - ұлттық музыка аспаптарымыз  ұқсас екен. Бұл да - бауырластықтың бір белгісі», - деді Ыстамбұл қаласы Бақыркөй аудандық театр департаментінің директоры Асуман Айдоғмуш.