«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша берілетін несиелердің мерзімі ұзартылуы мүмкін

«Қарапайым заттар экономикасы» бойынша берілетін несиелердің мерзімі ұзартылуы мүмкін
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл жайында Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов мәлім етті. 

«Экономиканың неғұрлым басым салаларында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде несиелеу мерзімін ұзарту туралы мәселе пысықталуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Аграрлық-өнеркәсіп кешені және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы 15 басым қызмет түрлері бойынша 7 жылға дейін кредит беру ұсынылды.

Мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттарына өзгерістер енгізу шеңберінде мемлекеттік сыйақы мөлшерлемесінің субсидияланатын бөлігін бекітуге көшу көзделген», - деді Тимур Жақсылықов.

Айтуынша, бұл шара аясында түпкілікті қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесін дифференцияциялау көзделген.

«Мемлекет басшысының әкімдіктердің функционалдығын қамтамасыз ету және халық үшін неғұрлым маңызды мәселелер бойынша үйлестіруді күшейту туралы тапсырмасын іске асыру үшін өңірлер әкімдері орынбасарларының санын қолданыстағы санына 1 бірлікке ұлғайту ұсынылады. Бұл ретте бастама жергілікті атқарушы органдардың қызметін қаржыландыру үшін орнатылған лимиттер шеңберінде жүзеге асырылады», - деді Тимур Жақсылықов.