Иран халқы хиджабқа қарсы наразылыққа қайтадан шықты 

Иран халқы хиджабқа қарсы наразылыққа қайтадан шықты 
Сурет: ашық дереккөз

Хиджаб кимегені үшін полицияға ұсталған Махса Амиридің өлімінен кейін араға бір жыл салып Иран халқы наразылыққа қайтадан шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

CNN арнасының хабарлауынша, наразылықтар Махса Амиридің өлімінің бір жылдығына орайластырылған. Амириді еске алуға арналған шеру ел астанасы Тегеранды қоса алғанда, кемінде алты ірі қалада өткен. Иранның солтүстігіндегі Лахиджан қаласындағы наразылық акциясын қарулы полиция таратқан. 

Кейбір шерушілер үкіметке қарсы мәлімдемелер жасады. Көптеген наразылық білдірушілер «Әйелдер, өмір, бостандық» деген секілді ұрандарды жазып алған. Бұл Иранда бір жыл бұрынғы жаппай наразылықтар кезінде қолданылған ұрандар болатын. Сол кезде ел тұрғындары Мемлекет басшылығының қабылған саясатымен келіспейтіндіктерін білдіріп, хиджаб киюге қойылатын қатаң талаптарды жұмсартуды талап еткен еді. Өткен жылғы шеру билік тарапынан қатаң шаралар қолдану арқылы басылғандықтан, биылғы шеруге халық әлдеқайда аз жиналды. 

Махса Амириді еске алу митингілері Парижде, Брюссельде, Берлинде және Лондонда да өтті. Сонымен қатар, Иранның өзінде қыздың қайтыс болғанына бір жыл толмас бұрын оның әкесі, ағасы бірнеше сағатқа қамауға алынған. Себебі, оларға жаппай еске алу шараларын өткізбеу туралы ескертілген.