Иорданияда Қазақстанның кино күндері өтті

Иорданияда Қазақстанның кино күндері өтті
сурет: Inform.kz

Иордандықтар «Балуан Шолақ» және «Жаужүрек мың бала» фильмдерін тамашалады.

Иордания Хашимит Корольдігінің астанасы Амманда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның кино күндері өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Шараны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Иорданияның кинематография бойынша Корольдік комиссиясымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Иорданиядағы Елшілігі ұйымдастырды.
Кинокөрсетілім Амман қаласының ең көне аудандарының бірінде орналасқан «Кино үйінде» өтті. Қонақтармен амандасқан Қазақстан Елшісі Айдарбек Туматов қазақстандық кинематографияға танытқан қызығушылығы үшін оларға алғысын білдірді.

«Шара иордандықтардың Қазақстан халқымен, оның тарихы және мәдениетімен жақынырақ танысуына жағдай жасап, қазақстандық-иордан мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының одан ары нығаюына септігін тигізеді», - деп атап өтті Елші.

Шара режиссер Нұргелді Садықұловтың «Балуан Шолақ» көркем фильмімен басталды. Кинокартина көрерменнің жоғары бағасын алды. Келесі көрсетілген фильм – режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» кинокартинасы. Фильмдер түпнұсқа үлгісінде, ағылшын тіліндегі субтитрлерімен көрсетілген.
Шараға дипломатиялық корпус, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Иордания астанасының қоғам қайраткерлері мен тұрғындары қатысты.