Генерал Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш қойылады

Генерал Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш қойылады
Сурет: Elorda.info

Бұл туралы ҚР ҚК Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

25 мамырда Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. Осы күнге орай батырдың туған жері Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы алаңға Қорғаныс министрлігі ескерткіш орнатады. Ақмола облысының әкімдігі алаңды абаттандырады. 

«Былтыр тамыз айында жоспар бекітілді. Жоспар нақты 9 тармақтан тұрады. Жергілікті органдар мен орталық органдарға тапсырмалар берілген. Бірден-бір орындалған іс-шаралар: Сағадат Нұрмағамбетовтің өскен жерінде Ақкөл ауылында Ақмола облысының әкімдігімен бірге сквер ашылып жатыр. Оның төрінде Сағадат Нұрмағамбетовке ескерткіш ашылатын болады. Оны Бүркітбаев деген танымал мүсінші жасады. Ол комиссиядан өтті. Мақұлданды. Биіктігі 5.8 метр. Материалы – қола. Мамыр айында осы мүсін толыққанды ашылады», – деді Т.Басқожаев. 

Сондай-ақ Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсанттардың өмірінен сыр шертетін телехикаясың түсірілімі аяқталды.

Отандық телеарна экранында 2024 жылдың 7 мамырында оның тұсаукесері өтеді.

«Алматыда әскери жаяу институтының базасында 40 минуттық 20 сериялық фильм тәмәмдалып қалды. Осы кісінің өмірлік жолымен қабаттас жас курсанттың өмір жолы көрсетіледі. Ол 7 мамырда «Qazaqstan» телеарнасында көрсетіле бастайды. Мәдениет және ақпарат министрлігімен пошталық маркадағы бейнесі мақұлданды. Ол бүкіл әскери бөлімдерге жіберілді. Бұдан басқа, ол кісінің 3 кітабы жаңғыртуға берілді», – деді ведомство өкілі. 

ҚР ҚК Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай осыған ұқсас іс-шаралар өткізілетінін атап өтті.