Дәрі-дәрмек неге сырттан тасымалданады?

Дәрі-дәрмек неге сырттан тасымалданады?
Сурет: Мedboli.ru

Қазақстанға дәрі-дәрмектің 83%-ы шетелден келеді

Еліміздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17%-ы ғана отандық өнім. Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған тапсырмасы бойынша оны алдағы үш жылда 50%-ға жеткізу керек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.

Қазір елде отандық тауар өндірушілердің үлесі 21-22%. Көрсеткішті арттыру үшін олармен «СК-Фармация» арқылы 10 жылдық келісімшарт жасалған. Демек, аталған компания осы аралықта тауар өндіруші дәрі-дәрмегін шығарады. Сөйтіп мемлекет есебінен оны бірнеше жыл бойы сатып алуға міндеттеледі дейді. 

«Яғни, отандық тауар өндірушілерге өзі шығарған дәрі-дәрмек көлемін мемлекетке сатып, өндірісін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. ДСМ-мен осындай механизм енгізілген және ол соңғы жылдары өзінің өте жақсы нәтижелерін көрсетуде. Соның арқасында елімізді, пациенттерді отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатырмыз», - дейді ҚР ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов.

Министрлік өкілі тағы бір тың ақпаратын бөлісті. Елімізде «ҚАЗБИОФАРМ» холдингі құрылады. Оның құрамына ұлттық медициналық орталықтар кіреді. Мақсаты – отандық дәрі-дәрмекті, әсіресе отандық ғалымдар ойлап тапқан вакцинаны шығару бойынша жұмысты жандандыру.

«Президент тапсырмасына сайкес арнайы холдинг құрылып жатыр. Оған да біршама міндет жүктелді. Холдинг отандық дәрі-дәрмекті, біздің ғалымдар ойлап тапқан вакцинаны шығару бойынша шаралар жүргізеді», - деп мәлімдеді Б. Жүсіпов.

Президент тапсырмасына сәйкес елдегі дәрі-дәрмек өндірісін 50 пайызға жеткізу ісіне шетелдік сала мамандары тартылмақ. Ол үшін министрлік «Биг фарма» деп аталатын компаниямен келісімге келді.