Ерлік білекте емес, жүректе

Ерлік білекте емес, жүректе
Сурет:ФБ

Түркістан өңіріндегі тоғыз адам жан тапсырған жойқын жол апаты туралы бүкіл ел құлағдар болды.

Сол жантүршігерлік апаттан аман қалып, ешқандай медициналық көмекке жүгінбеген екі азаматтың бірі – Мұрат Есенқабылов жанып жатқан көліктердің ішінен сегіз адамды көтеріп алып шыққан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ол Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Бабата ауылының тұрғыны.

"Тоғыз адам көз алдымда жан тапсырды. Үшеуі мылжа-мылжасы шыққан көліктің ішінде қысылып, шыға алмай, жанып кетті. Қайсысын құтқарарымды білмедім. Жанып жатқан көліктердің ішінен сегіз адамды көтеріп алып шықтым. Кейіннен келген адамдар жанып жатқан көлікке жақындауға сескеніп тұрды. Себебі, жанып жатқан көліктің жанармай багы кез-келген сәтте атылып кетуі мүмкін еді. Ыңырсып жылап, кейбірі есін білмей жатқан, дәрменсіз жаралыларды көліктен көтеріп шығарып, кезең-кезеңімен жол жиегіне қауіпсіз жерге тасыдым", - дейді Мұрат.

Бұл туралы ақын Маралтай Райымбекұлы ФБ парақшасына: «Қазақстан Республикасының билігі осынау оқиғаның тергеу жұмыстарын өз тарапынан қатаң қадағалауға алып, әділ сараптама, оң шешім шығуын қамтамасыз етумен қатар: "Ер жолдасы – тәуекел!" - деп, еш ойланбастан, көзсіз батырлыққа барған Мұрат Есенқабылов сынды біртуар азаматтың ерлігін ескерсе екен.  Қазіргідей, әке балаға, аға ініге, халық билікке, құл Құдайына сенуден қалған заманда Елдің жүрегін жылытып, өскелең өрендерге өнеге болар Мұраттарымыз көп емес қой... Желтоқсан мен Қаңтарда қанша Қазақтың обалына қалдық. Оның да сұрауы болар күн туары – анық. Тағы бір анық бар: "Ер қадірін білмеген, Ел қадірін білмейді!», деп жазды.