Енді балаларымыз кең жерде оқиды: Ата-аналар жаңа ашылған ғимаратқа жоғары баға берді

Енді балаларымыз кең жерде оқиды: Ата-аналар жаңа ашылған ғимаратқа жоғары баға берді
Cурет: Inform.kz

17 мектептің жанынан жаңа оқу ғимараттарының құрылысы жүріп жатыр

Бостандық ауданындағы №199 гимназия жанынан жаңа корпус пайдалануға берілді. Қала күнінде лентасы қиылған ғимараттың ашылу салтанатына әкім Бақытжан Сағынтаев арнайы келді. Заманауи, халықаралық стандарттарға сай жаңа оқу ғимараты бұрынғысынан 2 есе үлкен, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
№199 мамандандырылған гимназия 2018 жылы бұрынғы №2-інші балалар үйінің шағын ғимаратында ашылған еді. Өнер ордасы бар болғаны 3 жыл ішінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Тиісінше, қазір дарынды балаларға арналған мектеп жалпы қала аумағында үлкен сұранысқа ие. Әу бастағы орын тапшылығы мәселесі жаңа корпустың арқасында түбегейлі шешілді.

«Біздің гимназиямызға бүкіл қаланың дарынды балалары оқуға келетіндіктен, бұрынғы ғимаратымызда орын жетпеген. Қазіргі таңда мына ғимарат қосылғаннан кейін балаларға келіп, өтініш жасап, оқуға келуге мүмкіндік туды», – деді №199 мамандандырылған гимназияның директоры Сандуғаш Нышанова.

Білім ошағы едәуір үлкейіп, мұнда қазір 900-ге жуық оқушы білім алады. Оқу ордасында итальян тілі мен бейнелеу өнері тереңдетіліп оқытылады. Мектептің басты артықшылығы мұнда біліктілігі жоғары мұғалімдер жұмыс істейді.
Жаңа ғимараттың ішінде қазақстандық және әлемге әйгілі суретшілердің туындылары ілінген. Баланың шығармашылығын барынша ашуға бар жағдай жасалған. Ал, мектепке қолы жете алмай жүрген тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

«Алдыңғы кішкентай мектепте балалар бір-бірін күтіп, сабақтан кеш шығатын. Енді қазір орын көп, мектеп жаңа, талаптарға сай. Енді балаларымыз кең жерде оқиды және қосымшаға баруға уақыты болады», – деді ата-ана Ақмарал Сағибекова.

Жаңа корпуста коворкинг залымен қамтылған кітапхана бар. Онымен қоса, бейін пәндер бойынша кескіндеме, сурет, мүсін, итальян тілі кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған.

«Біздің кезімізде заманауи құралдармен жабдықталған сыныптар болған жоқ. Қазір міне халықтың талабына сай, үлкен мемлекетіміздің жоспарына байланысты осындай мектептер салынуы керек. Жаңа өздеріңіз көргендей, оқушыларға бүкіл жағдай жасалып жатыр.  Соның бәрі біздің жастарымыздың болашағына жұмыс жасайды», – деді ардагер ұстаз Әсем Беспаева.

Осылайша, шаһарда мектептердегі орын тапшылығы мәселесі қарқынды түрде шешіліп жатыр. Биыл мегаполисте 12 мың 600 орынға арналған 8 жаңа мемлекеттік білім ордасы салынуда. Ал, 17 мектептің жанынан жаңа оқу ғимараттарының құрылысы жүріп жатыр.

«Қалада 17 мектептің жаңа корпусы салынып жатыр. Соның арқасында 8263 орын пайда болады. Тоғызы қолданысқа беріліп те қойды. Қалған 8 мектеп биыл қазан айының соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ, осы оқу жылында 11 жекеменшік мектеп оқушыларға есігін айқара ашты», – деді қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.

Айта кетейін, биылғы оқу жылында 289 мектепте 300 мыңнан аса оқушы білім алып жатыр.