Енді автокөлік құрастырудың анағұрлым күрделі деңгейіне біртіндеп көшу керек

Енді автокөлік құрастырудың анағұрлым күрделі деңгейіне біртіндеп көшу керек
Сурет: Inform.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында автокөлік құрастыру жайын да қозғады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Енді автокөлік құрастырудың анағұрлым күрделі деңгейіне біртіндеп көшу керек. Елімізде өңдеу өнеркәсібінің басқа да болашағы зор салаларын дамытқан жөн. Сондай-ақ ішкі нарықтың сұранысын толық өтегеннен кейін бизнесті экспортқа шығуға бағыттау қажет. Мұндай қадам кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілеті жоғары екенін көрсететін болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, нақты секторды ұзақ мерзімге арналған қаржымен қамтамасыз ету – өнеркәсіп саласын қарқынды дамытудың негізгі шарты.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін тиімді пайдалану – осы мәселені шешудің бір амалы. Бұл ретте, әрине, міндетті түрде зейнетақы жинағының сақталуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан, экономиканы әртараптандыруға және индустрияландыруға ықпал ететін жобаларды мұқият іріктеу қажет», - деді Мемлекет басшысы.