Еңбек шарты бұзылғанда қызметкерге тиесілі сомалар үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс

Еңбек шарты бұзылғанда қызметкерге тиесілі сомалар үш жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс
Cурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматылық мамандар еңбек шартына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында  еңбек инспекциясы мамандарымен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау туралы баспаксөз конфекренциясы өтті. Оның барысында мамандар жиі қойылатын сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
- Еңбек инспекциясы Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды қалай жүзеге асырады?
Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды басқармада 22 мемлекеттік еңбек инспектор атқарады. 
мемлекеттік еңбек инспектор өзінің қызметтік міндеттерін атқаратын кезде заңмен қорғалады және қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
Мемлекеттік еңбек инспекторына қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтірген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады. 
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылау тексеру және кәсіпорындарға бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
- Жұмысшылардың қандай құқықтары көбінесе бұзылады, оларға не себеп болады және еңбек инспекциясы осыған қатысты қандай шаралар қолданады?
 
Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу, яғни жұмыс берушінің жұмысшыға толық көлемде және еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде еңбек ақыны төлемеуі, сол сияқты жұмыс берушінің кінәсінан төлемді кешіктірген кезеңі үшін өсімпұлды есептемеуі және төлемеуі. Сонымен қатар үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу, сондай-ақ түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарын бұзу. Бұндай құқық бұзушылық әкімшілік жауапкершілікке, яғни  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 30дан бастап 150 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 
Мәселен, Еңбек кодексіне сәйкес, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында белгіленеді және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей айына бір реттен сиретпей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек, ұжымдық шарттарда көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізілуі тиіс. 
Еңбек шарты тоқтатылған кезде, жұмыс берушіден жұмыскерге тиесілі сомаларды төлеу ол тоқтатылғаннан кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс. 
Негізгі себептер ретінде субъективті және объективті жағдайлар кездесіп жатады. Біріншісіне кей жұмыс берушілердің немқұрайдылығын немесе өз міндеттемелерін білмеуін жатқызар болсақ. Екіншісіне кәсіпорындардағы шарттық қатынастардан туындайтын міндеттемелерді контрагенттердің орындамауы, құқық қорғау органдары тарапынан заң бұзушылықтарға қатысты шектеулер қоюы сияқты себептер жатады.