Ең төменгі жалақы мөлшері қалай анықталады?

Ең төменгі жалақы мөлшері қалай анықталады?
Сурет: Вaq.kz

Орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай белгіленеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) жаңа әдіспен есептеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

"Ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыстар аяқталып жатыр. Қазіргі уақытта министрлік Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесіп, ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау әдістемесі жобасын дайындады", - деді Дүйсенова.

Оның айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшері орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай белгіленеді.

"Бұл тәсіл қызметкерлердің кірісі мен өндірілген тауарлар, жұмыстар мен қызметтер көлемі арасындағы нақты байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Бүгінде әдістеме жобасы мүдделі мемлекеттік органдар және әлеуметтік серіктестермен келісіліп жатыр", - деді Тамара Дүйсенова.

Ол 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін Еңбек кодексіне әдістемені заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша тиісті түзетулер әзірленетінін айтты.