Ең ауыр жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру

Ең ауыр жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру
almaty-akshamy.kz
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы қабылданған заңға қатысты Facebook-тегі парақшасында түсініктеме беріп, видео үндеу жолдады.
"Бүгін Мемлекет басшысы көптен күткен және кеңінен талқыланған әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды. Аталған құжаттың мәні мен маңызына тоқталып өтейін".Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Біріншіден, адамның қадір-қасиетіне, әлімжеттік пен қатыгездік көрсетуге, қорлауға қарсы нақты нормалар қарастырылған. Атап айтқанда:
  • адам денсаулығына тигізген жеңіл зиянға 50 тәулікке дейін қамау немесе 200 АЕК-қа дейін айыппұл;
  • қол көтергені үшін 25 тәулікке дейін қамау немесе 80 сағатқа дейін қара жұмысқа жегу немесе 80 АЕК-ке дейін айыппұл салу ретінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

"Ал егер осындай қылмыс кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты аса қатыгездікпен жасалатын болса, онда қылмыскер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өз кезегінде кәмелетке толмаған немесе шарасыз жағдайда қалған жанды азаптаған, не болмаса денсаулығына ауыр немесе орта деңгейде зиян келтірген, бала өлтірген, немесе жыныстық қылмыс жасағандар үшін заңда бар ең ауыр жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру", - дейді министр өз сөзінде.

Сонымен қатар Аида Балаева балаларға қатысты немесе отбасы тұрмысында бұрын-соңды қандай да бір құқық бұзғандар үшін ерекше талаптар енгізілгенін де жеткізді.

"Мәселен, оларға сот шешімімен медициналық ұйымдарда психологиялық емдеуден өту міндеттеледі. Ал отбасы мүшелерін қорғау мақсатында, сотқа аса қажет болса, олардың бір шаңырақ астында тұруына тыйым салу құқығы берілді. Жалпы, тұрмыстағы осындай күш қолдану фактілеріне қатысты дереу шара қолдануына мүмкіндік жасау үшін өкілетті органдарға БАҚ-та жарияланған ақпаратты негізінде алуға рұқсат беретін нормалар қарастырылған". Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева

Екіншіден, суицидтің алдын алу үшін адамның өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болған тұлға үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік артылады. Сонымен қатар өз-өзіне қол салуды үгіттейтін насихат үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салу түрінде қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Буллинг пен кибербуллинг үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл төленеді.