Елімізде жаңа телефон коды пайда болды

Елімізде жаңа телефон коды пайда болды
Сурет: Ria.ru

Жаңа дүние!

Қазақстанда жаңа +997 нөмірлі дэф код белгіленді. Сол сияқты ендігі уақытта елімізден сыртқа қоңырау шалғанда шетелдегі адамның телефонында «Қазақстан» деп шығып тұрады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Аталған жаңашылдық туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті.

«Жақсы жаңалық! БҰҰ жанындағы халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгіледі. Енді біздің елден басқа мемлекетке қоңырау шалғанда, шетелдіктердің телефонында Қазақстан деген жазу шығады. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі цифрлы сервистерді қолданғанда да, барлық жерде Қазақстан деген сигнал шығады», - деп жазды Бағдат Муснн өзінің Facebook парақшасында.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта тиісті құжаттар рәсімделіп, жаңа кодқа көшу бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр.

«Кезінде КСРО тарағанда, +7 халықаралық телефон коды екі елге бірдей бекітілген болатын. Біз Қазақстанға ғана тиесілі халықаралық кодқа қол жеткізу үшін былтырдан бері телекоммуникация саласындағы компаниялармен бірге жан-жақты жұмыс жүргізіп келеміз. Осы келіссөздердің нәтижесінде біздің елге дербес +997 коды бекітілді», - дейді ведомство басшысы.