Алматыда «Қазына» базарынан өрт шықты

Алматыда «Қазына» базарынан өрт шықты
Сурет: Inbusiness.kz

Өртті сөндіруге 40 маман мен 14 бірлік техника жұмылдырылды

Алматыдағы «Қазына» базарында халық тұтыну тауарлары сақталған екі қабатты бірнеше контейнер өртеніп кетті, деп хабарлайды деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы телеарнасының сайтына сілтеме жасап.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама бүгін түскі сағат 12:14-те түскен.

«Алматы қаласы ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәрежелі шақырту бойынша Алатау ауданы, Солтүстік айналым, 34 мекенжайындағы «Қазына» сауда орнына жіберілді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жетті. Олар жалпы алаңы 120 шаршы метр аумағында материалдық құндылықтары бар бірнеше екі қабатты контейнердің жанып жатқанын анықтады. Өрттің жақын маңында орналасқан контейнерлерге көшу қаупі туындады», – делінген қалалық ТЖД хабарламасында.   

Алғашқы бөлімше барлау барысында «су аз қамтылған» аудан туралы хабарлаған, сондықтан өрт сөндіру автоцистерналарымен су жеткізу жұмыстары дереу ұйымдастырылып, су үздіксіз беріліп үлгерген.

«Оқиға орнында Жедел штаб, 2 жауынгерлік учаске құрылды. 40 маман мен 14 бірлік техника жұмылдырылды. Жол полициясының күшімен жол қоршалды», – делінген хабарламада.

Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында өрт 18 минутта оқшауланды.