Елорда әуежайы сирек кездесетін мұрағаттық фотосуреттерді көрсетті

Елорда әуежайы сирек кездесетін мұрағаттық фотосуреттерді көрсетті
Cурет: nn-airport.kz

«Нұр-Сұлтан – Семей» бағыты бойынша әуе кемесі ұшып шықты

Бүгін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні, «Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайы» АҚ-на 90 жыл толды. Бұл күні, 1931 жылғы 1 желтоқсанда, Семей мен Ақмола арасында тұрақты әуе қатынасы басталды (Кәсіпорынның құрылған күні). Осы күнге орай, елорда әуежайында терминалдардың құрылыс тарихынан сыр шертетін сирек кездесетін мұрағаттық фотосуреттер көрсетілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz әуежайдың сайтына сілтеме жасап.


Бүгін, 90 жылдан кейін, таңғы рейспен елордадан «Нұр-Сұлтан – Семей» бағыты бойынша әуе кемесі ұшып шықты. Жолаушылар салтанатты жағдайда оркестрдің әуенімен тіркеуден өтті. Сондай-ақ мерейтойлық іс-шаралар аясында Halyk Bank-пен бірлесіп, әуежай дизайнымен тақырыптық банк картасы шығарылды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы – еліміздегі ең ірі әуежайлардың бірі. Елорданың әуе айлағы Орталық Азия елдерінің әуежайлары арасында жолаушылар ағыны мен жүк тасымалының көптігіне байланысты екінші орында, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі әуежайлар арасында 12-ші орында. Мұнда қабылданатын әуе кемелерінің ең жоғары түрлері: Боинг Б-747-800, Руслан АН-124 және төменгі санаттағы ұшақтар.

Бүгінгі таңда әуежайдың әлемдік озық тәжірибелерге сәйкес, жолаушыларға да, авиакомпанияларға да қызмет көрсету үшін барлық қажетті инфрақұрылымы бар. Цифрлық мүмкіндіктерді дамытудың арқасында әуежай әзірлеп шыққан NQZ қосымшасы арқылы жолаушылар онлайн тіркеуден өте алады, рейстерді бақылай алады, әуежай қызметтеріне ақы төлей алады. Әуе кемелеріне отын құюдың бірегей жүйесі өз кезегінде ұшу алдындағы рәсімдерге кететін уақытты қысқартуға және авиакомпанияларға жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Елорда әуежайын дамыту ИАТА және ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Әуежайдың ұшу-қону жолағы - Орталық Азиядағы ең үздік жолақтардың бірі. Ол ІІІА ИКАО санатына сәйкес келеді және кез келген ауа райында әуе кемелерін қабылдауға және шығаруға мүмкіндік береді. Елорда әуежайы Нұр-Сұлтан қаласының қонақтары мен жолаушылары үшін қолайлы жағдай жасауда барлық мүмкіндікті қолданады.