Сыныптастар. Олар Елбасымен бірге оқып, бірге өскендерін әркез сағынышпен айтып отырады

Сыныптастар. Олар Елбасымен бірге оқып, бірге өскендерін әркез сағынышпен айтып отырады
baigenews.kz

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқып, сыныптасы болудың өзі үлкен мәртебе. Бала күннен бірге өскен достар бүгінде атағы әлемге мәшһүр, көреген Көшбасшымен бірге оқып, бірге өскендерін әркез сағынышпен айтып отырады. Елбасының балалық шағынан бастап, мемлекет қайраткері атанып, есімі шартарапқа танылған сәтіне дейін куә болған сыныптастарының Нұрсұлтан Әбішұлы туралы естеліктері қашан да ыстық ықыласқа толы.

Фарзина НАУРЫЗБАЕВА

БҰЛ ӘРКІМГЕ БҰЙЫРА  БЕРМЕЙТІН БАҚЫТ

Бүгінде Алматы қаласында тұрып жа­тырмын. Ұзақ жылдар бойы сауда сала­сында табысты еңбек еттім. Қазақстанның Тұңғыш Президентімен бірге оқыған көп баланың бірі болсам да, әрдайым әдемі естеліктер айтып, өткен күндерді еске алып отырғанды ұнатамын.

Біздің Елбасымыз туралы естеліктер өте көп қой. Дегенмен, бірге оқып, бала­лық шағымыз да бірге өткендіктен, біздің әңгімеміз де, естелігіміз де көбіне ортақ болып келеді. Арада қаншама жылдар өтсе де, Нұрсұлтанды ең алғашқы көрген сәтім есімде сақталып қалыпты. Бірде біздің сыныпқа қасында өзі қатарлы 6 бала бар, келбеті келіскен, ашаңдау бір бала келіп кірді. Мұғалімнің айтуынша, олар Шамал­ғандағы Абай атындағы мектептен келген екен. Жаңадан келген соң біз де оларды ортаға тартып, танысуға ниет қылдық. Әлгі балалардың ішіндегі ашығы да, пы­сығы да осы Нұрсұлтан болып шықты. Ол бөтен орта ғой демей, дереу танысып, бәрімізді бұрыннан білетіндей жылдам араласып кетті.

Ол кез өте қиын, соғыстан кейінгі уа­қыт қой. Елдің бәрінің жағдайы бірдей, естерін енді жинап жатқан кез. Жаңадан келген балалардың интернатқа орналасқа­нын білдік. Қазіргідей жағдай ол кезде жоқ. Интернаттағы балалардың жағдайы белгілі. Көбіне бос уақыттары ойынға, әңгімеге кетеді. Осыны байқаса керек, Әл­жан апамыз аптасына бір емес, екі-үш рет келіп, Сұлтанның сабағын тексеріп тұра­тын.

Содан бір күні Әлжан апам тосыннан келіп, балалардың гуілдеп жатқанының үстінен түседі. «Бұл қалай, сабақты осы­лай оқи ма екен?», – деп, Нұрсұлтанды интернатқа су таситын егде кісінің үйіне орналастырып кетеді. Сонымен не керек, әңгімесі әдемі, өзі жан-жақты білімді, көп білетін Сұлтанымыз әлгі кісінің үйінде жатып оқитын болды.

Сұлтан өте зерек болғандықтан, сабақ­қа үнемі дайын отыратын. Мұғалім сабақ сұраса, ұшып тұрып, мүдірместен жауап беретін. Тіпті, сабақ айтқан кезінде біз біле бермейтін жаңалықтарды мысал етіп айтқанда, қайран қалатынбыз. Сұлтанның айтқанын ұйып тыңдайтынбыз. Сондық­тан біз «мұғалім, сабақты Сұлтан айтсын­шы» дейтінбіз. Сұлтанның тағы бір қа­сиеті – сабағын нашар оқитын балаларды төмендетпей, қайта оларға көмектесіп, қамқорлап жүретін. Сұлтанның біреумен төбелесіп болмаса ерегісіп тұрғанын көрмеппін. Ондай әдетке жаны қас бола­тын. Шекісіп қалған балаларды сөзбен тоқтатып, достастырып жіберетін. Мек­тептегі іс-шараның басы-қасында жүріп, мерекелік парадты басқаратын. Қиын кез болса да, Сұлтанның чемоданы толы кітап болатын. Қашан көрсең, қолынан кітабы түспей, шұқшиып оқып отыратын. Менің үйім Қаскелеңнің кіре берісінде болды. Сол үшін орталықтағы мектепке барып оқитын едім. Сыныптағы балалардың ересегі бол­ғандықтан шығар, үнемі болып жатқан жағдайды маған баяндап отыратын.

«Балалық шағымның аспаны» дейтін Елбасымыз туралы кино өте сәтті шыққан туынды. Міне, сол кино біздің шынайы өмірімізді көрсетті. Сол кинодағы Арай Еркебаева менің ең жақын құрбым болды. Әдемі, ұзын бойлы, ашаң жүзді қыз бола­тын. Сыныптастарымыз үнемі Сұлтан екеуін қосатын. Түрлі кеш ұйымдастырып, соңынан би билейміз, сол кезде Сұлтан танго, вальсті керемет билеп, ұршықша үйірілетін. Маңдайы ашық, өзі келбетті жігіт қой, билеген кезде тіпті жайнап ке­тетін. Осы киноны бәріміз жиналып барып көрдік. Көзімізге жас алдық, әрқайсымыз өзімізді танып, мәз болдық.

Біз 1958 жылы мектепті бітіргенде, Сұлтан бүкіл сыныпты үйіне шақырды. Содан таңға дейін дуылдасып, ұзақ отыр­дық. Өте көңілді отырыс болды. Сұлтан гармошка, домбыра тартып, ән салды. Ба­лалық шақпен қоштасып, әп-сәтте есейіп кеткендейміз. Сосын дастархан басында отырдық. Әлжан апам дастарханға май, бауырсақ, қант, қара шәй әкеп қойды. Ол кездегі дастарханның ең төресі осы бола­тын. Сондықтан барымен базар деп, әзіліміз жарасып, ойнап-күліп, таң алдын­да тарқастық. Ертеңіне Сұлтан Днепропет­ровскіге кетті. Содан кейін Қарағандыға ауысты деп естідік. Сосын Алматыға келді. Нұрекеңнің әрбір қызметіне, жеткен жетістігіне біз үнемі қуанып отыратынбыз. Кезінде түбі біздің арамыздан осы Сұлтан биікке қол жеткізеді деп оған тілекші бол­сақ, ол да соған сай сыныптың емес, ұлты­ның мақтанышына айналды. Сұлтанның танымал тұлға болатынын біз сол кезде білдік пе, білмедік пе екен?..

Осыдан біраз жыл бұрын, 1996 жылы бірге оқыған сыныптастар Жамбылдың 150 жылдығында кездескен едік. Барлық сыныптастардың отбасына арнайы шақыр­ту жіберілді. Сол жолы барлығымыздың басымыздың қосылғаны болды. Керемет көкпарды барлығымыз тамашалап, сосын арнайы тігілген аппақ киіз үйге жиналдық. Сол жерде ән айтылды, күй тартылды, әдемі әзіл де айтылды. Бізбен оқыған Ұл­дана деген қыз болатын. Нұрекеңнің «Ұл­дана, сенің даусыңды сағындым. Ән айт­шы», – дегені. Осы сәт барлығымыз үшін тебіреніске толы болды. Тура мектепте жүрген кездегідей сезіндік. Ұлдана әнін аяқтай сала, Нұрекең әнге басты...

Өте керемет отырыс болды. Бір жарым сағат бойы Нұрекең отбасымыз, бала-шаға­ларымыз туралы сұрады. Барлығымыздың аты-жөнімізді, мінез-қылықтарымыз тура­лы айтқанда, жадының мықтылығына қай­ран қалдық. Кімнің немен айналысып жүр­генін де сұрап білді. Қайтарда қимастықпен қоштастық. Бүгінде бір сыныпта оқыған 42 баланың біразы о дүниеге аттанып кетті. Біз Тұңғыш Президенттің сыныптасы ретінде тарихта қалдық. Бұл әркімге бұйыра бер­мейтін бақыт. Мен үнемі Нұрекең туралы немере-шөбереме, дос-жаранға, көрші-қо­лаңға, барлық өзім танитын кісілерге мақта­нышпен әңгімелеп отырамын.

Рая СИРАЗИТДИНОВА

МЕН ДЕ ОНЫ ТЫҢДАП,  СОҢЫНАН ЕРГІМ КЕЛЕТІН

Тұңғыш Президентпен бірге оқы­ған сыныптастардың тағдыры әртүрлі болды. Біреуі үлкен биікке жетсе, бі­реуі қарапайым өмір сүрді. Мен бүкіл өмірімді педагогика саласына арна­дым. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Қаскелеңдегі мектепте физика-мате­матика пәнінің мұғалімі болып жұ­мыс істедім.

Жолдасым екеуміз ҚазПИ-ді бітірдік, мен физматты, ол тарих-филология факультетін тәмамдады. Жас маман ретінде институттан кейін бізді шалғайдағы мал жайылым учас­кесіне жіберген еді. Осылайша біз алғаш рет өз еңбек жолымызды баста­дық. Бірнеше жылдан кейін ғана Қаскелеңге оралдық. Жалпы, өмірде болсын, еңбек жолымда болсын, әркез сыныптасым Нұрсұлтан Назарбаев­тың еңбексүйгіштігін, табандылығын үлгі етіп отыратынмын. Үнемі алға ұмтылып, түбі көздеген мақсатқа же­туге болатынын жоспарлаушы едім. Мұндай асыл қасиетті мен сыныпта­сым болған Сұлтаннан үйрендім.

Нұрсұлтан Назарбаев мектепте де көшбасшы болды. Өз бетінше талап қоя білді, өзге балаларға үлгі болды. Ол үнемі белсенді болды. Мен де оны тыңдап, соңынан ергім келетін. Міне, осы қасиеттерінің арқасында ол тәуелсіз республиканың негізін қалап, бүкіл әлемнің құрметіне бөленді.

Галя ЖЕКСЕНБАЕВА

БІЗГЕ ҮЛКЕН  ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Біз Елбасымен бір сыныпта оқы­дық. Бір интернатта тәрбиелендік. Ол кезде телевизор, телефон деген аты­мен жоқ. Оқу ісінің меңгерушісі Сейітхан ағайымыз радиодан тілші­лер келсе, «Нұрсұлтан сөйлесін» дейтін. Сосын бәріміз радионың төңірегіне жиналып алып, «біздің Нұрсұлтан радиодан сөйлеп жатыр» деп ұйып тыңдайтынбыз. Ол мек­тептің, мұғалімдердің жағдайы тура­лы айтатын. Сол кездің өзінде сөзге шешен, өте алғыр болатын. Елбасы­ның сыныптасы болып, бір сыныпта оқыған деген сөздің өзі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Ортамыздан Көшбасшы, еліміздің басшысы шық­қанына қуанып отырамыз. Әркез осы құрметке лайықты болып жүруге, өз­гелерге үлгі болуға тырысамыз. Бізді жастар жиналған түрлі жиындарға, мерекелерге шақырады. Нұрекең ту­ралы естеліктерімізбен бөлісеміз. Оның ерекше қасиеті туралы сынып­тастар бас қосқан кезде де айтып отырамыз. Оқушыларды колхоздың жүгері мен картобын жинауға апар­ғанда, ауыр қапты өзі арқалап, қыздар­ға «байқап жүріңдер» деп, қамқорлық танытатын.