Еліміздің хоккейшілері министрден марапат алды

Еліміздің хоккейшілері министрден марапат алды
Cурет: Baq.kz

Нұр-Сұлтанда дәстүрлі түрде жазда ҚР чемпионатының басталуы қарсаңында өтетін хоккейден Қазақстан кубогының кезекті ойыны аяқталды.

Бұл жолы беделді олжа үшін еліміздің өңірінен жиналған 11 клуб, сондай-ақ Өзбекстаннан келген «Хумо» командасы сайысқа түсті. Топтық кезеңнің және жартылай финалдың қорытындысы бойынша ақтық сайыста Қарағандыдан келген, Қазақстанның қазіргі чемпионы «Сарыарқа» мен Pro Hokei Ligasy маусымының күміс жүлдегері көкшетаулық «Арлан» кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тартысты күресте 3:0 есебімен қарағандылықтар жеңіске жетті. Кубоктың үздік хоккейшілері қақпашы Максим Грязнов, қорғаушы Иван Степаненко (екеуі де – «Арлан»), шабуылшы Андрей Лагунов («Сарыарқа») және жас ойыншы Всеволод Логвин («Номад») атанды.

«Хоккейшілерді, жаттықтырушылар штабын, «Сарыарқа» хоккей клубының басшылығын және жанкүйерлерін Қазақстан кубогының финалындағы сенімді жеңісімен құттықтаймын. Үшінші жыл қатарынан қарағандылық клуб осынау кубоктың иегері атанып отыр. Бұл жеңіс шын мәнінде команданың турнир бойы көрсеткен жарқын ойынының сәтті нәтижесі. Финалдық ойын - жанкүйерлер мен осы спорт түрін ұнататындар айрықша күтетін шешуші  сәт. Командаларға шексіз эмоция сыйлағаны үшін алғыс айтамын», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.