Еліміздің 57 колледжі лицензиясынан айырылды

Еліміздің 57 колледжі лицензиясынан айырылды
Сурет: Тengrinews.kz

Ұйым профиліне сәйкес келмейтін мамандықтар бойынша лицензиялар қайтарылды.

ҚР Білім министрлігі 2022 жылдың басынан бері 57 колледж 133 мамандық пен 164 біліктілік бойынша лицензияға қосымшаларды қайтарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ведомствоның хабарлауынша, оқыту сапа стандарттарына сәйкес келмейтін немесе кадрларды дайындауға жағдай жасалмаған немесе нарықта сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша жою жүргізілген.

Сонымен қатар, колледждер ұйым профиліне сәйкес келмейтін мамандықтар бойынша лицензияларды қайтарды.

Мәселен, педагогикалық колледжде заңгерлерді, ал Экономикалық колледжде мұғалімдерді даярлауға лицензияның қосымшасы болған. Сондай-ақ, Жолдауда айтылғандай, кейбір колледждер қажетті оқу құрал-жабдықтарынсыз мамандар дайындады.

Білім министрлігі Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов бейіндік емес мамандықтар бойынша лицензияларды қайтару ТжКБ ұйымдарына «сұранысқа ие» және мамандандырылған мамандықтарға көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін түсіндіреді.

Бұл техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру үшін қажет екенін айтты.

«Оқуға қажетті жағдай жасалмаған, құрал-жабдықтар, шеберханалар, қолөнершілер мен оқытушылар жоқ колледждерде мамандықтарды қысқарту жұмыстары жүргізілуде», деді Ернұр Дәуенов.

Бұған дейін Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова университет немесе колледж жабылған жағдайда студенттерді басқа оқу орындарына ауыстыру керектігін айтқан болатын. Бұл жауапкершілік құрылтайшыларға жүктеледі.