Елімізде ең жоғары инфляция тіркелген өңірлер анықталды

Елімізде ең жоғары инфляция тіркелген өңірлер анықталды
Сурет: Quote.rbc.ru

Елімізде сәуір айында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 1,3%, азық-түлік тауарлары 0,9% қымбаттады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ақылы қызметтер 0,4% өскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде дизель отыны (16,1%) мен бензин (9,7%) қатты қымбаттаған.

Наурыз айымен салыстырғанда жуу және тазалау құралдары – 1,4%, жеке гигиена құралдары – 1,1%, ыдыс-аяқ – 1%, тұрмыстық техника 0,9% өсті.

Азық-түлік тауарлары арасында жеміс пен көкөніс бағасы едәуір өскен.

«Сәуірде қырыққабат – 4,7%, қызанақ – 4,1%, жүзім – 3%, алма – 2,6%, алмұрт 2,4% қымбаттаған. Бағаның өсуі күрішке – 2,7%, салқындатылған сусындарға – 2,5%, рожкилерге, ультрапастерленген сүтке – әрқайсысы 2,4%-дан, салқындатылған балыққа – 2,2%, пастерленген сүт, макарон өнімдеріне – әрқайсысы 2,1%-дан байқалды. Бұл ретте қияр – 11,4%, қарақұмық жармасы – 3,7%, күнбағыс майы 2,6%-ға арзандады», - делінген мәліметте.

Ал өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Абай және Ұлытау облыстарында тіркелген – әрқайсысында 1,4%-дан. Ең төменгі өсім Астана қаласында тіркелді – 0,5%.

«Өңірлер бойынша азық-түлік тауарлары бағасының ең жоғары өсімі Батыс Қазақстан облысында – 1,8%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша Алматы облысында – 3%, ақылы қызметтерде Түркістан облысында – 2,3%», - делінген мәліметте.