Елена Рыбакина Дубайда 13 эйс жасап, ширек финалға шықты

Елена Рыбакина Дубайда 13 эйс жасап, ширек финалға шықты
Сурет: almaty-akshamy.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 53-орында тұрған Польша өкілі Магдалена Френхпен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар 2018 жылы Тайбэйдегі турнирде кездесіп, онда Е.Рыбакина 6:3, 6:4 есебімен басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте поляк спортшысы брейк жасап кетті. Дегенмен ол сетке доп бергенде, Елена таразы басын теңестірді – 5:5. Тай-брейкте 2:5 есебімен ұтылып жатып, қатарынан бес допты өз есебіне жазды – 7:6 (7:5).

Екінші сетті М.Френх брейкпен бастады – 3:0. Бұдан кейін Рыбакина есепті қысқартқанымен, қарсыласының қайта басымдылық алуына мүмкіндік беріп қойды – 2:4. Ақыры партия Френхтің еншісінде кетті – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болған кезде Рыбакина брейк жасай алды – 6:4.

Тартысты өтіп, 2 сағат 39 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 13 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. М.Френх 3 эйс, 3 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 26-ракеткасы, италиялық Ясмина Паолинимен таласады. Ол үшінші айналымда күтпеген жерден әлемнің 11-ракеткасы, грекиялық Мария Саккариді жолдан тайдырды – 6:4, 6:2.

Е.Рыбакина өткен жылы Дубай додасында үшінші айналымнан аса алмаған еді.

Тағы бір қазақстандық, жұптық сында рейтингіде 47-орындағы Анна Данилина Дубайда қытайлық Шуай Чжанмен бірге ширек финалға шыға алмады. Олар жарыстың 2-ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски - жаңа зеландиялық Эрин Рутлифке жол берді – 7:5, 2:6, 6:10.