Елдегі кейбір ЖОО-ның дәрежесі өзгереді

Елдегі кейбір ЖОО-ның дәрежесі өзгереді
Сурет: Zakon.kz

Жезқазған қаласында жаңа техникалық университет ашылады.

Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Министрлік заманауи кампустары бар салалық университеттерді құру бойынша жұмыстар ескерілген. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2023-2027 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді, оның аясында инженерлік білім мен ғылымда жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құру көзделген. Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, Қонаев қаласында инновациялық орталықпен жаңа заманауи университеті бар академиялық қалашық құру жұмыстар атқарылып жатыр», - деді С. Нұрбек.

Оның айтуынша, Жезқазған қаласында Техникалық университетті ашу бойынша жұмыстар ескерілген. Бұл тұрғыда негізгі стратегиялық әріптес ретінде канадалық жоғары оқу орындары болады. Қазіргі кезде 15 канадалық университетпен келіссөз жүріп жатыр.

«Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және жоғары оқу орындарының серпінді технологияларын дамыту мақсатында биыл М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне зерттеу университеті мәртебесі, ал С. Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университетіне индустриалды оқу орны мәртебесі беріледі», - деді министр.