Елде екі жылда 1,5 млн оқушыға арналған «жайлы» мектептер салынады

Елде екі жылда  1,5 млн оқушыға арналған «жайлы» мектептер салынады
Сурет: Самат Құсайынов

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. 

Ол республикадағы білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін дамыту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында 369 мектеп салынбақ. Жергілікті және республикалық бюджеттер, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жеке инвестициялар есебінен салынып жатқан нысандарды қосқанда, 2026 жылға дейін 1,5 млн жаңа оқушы орны пайдалануға берілмек», — деді Тамара Дүйсенова.

Вице-премьердің айтуынша, білім нысандарын салу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ мектептерді біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету маңызды. Мәселен, салаға үздік мамандарды тарту мақсатында Президент тапсырмасына сай ұстаздар жалақысы екі есе ұлғайған болатын.

Білікті кадрлар қатарын кеңейту ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін арттырумен тығыз байланысты. Қазірде елімізде алдыңғы қатарлы 5 шетелдік ЖОО филиалы ашылды.

деді вице-премьер.

Медициналық саланы дамыту бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек беру нысаны, 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана салынады, ауылдағы денсаулық сақтау мекемелері үшін 1 100 медицина қызметкері оқытылады», — деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ вице-премьер «Дипломмен ауылға» жобасы аясында жас мамандарды тарту үшін 2024 жылдан бастап тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие мөлшері 1,5 мың АЕК-тен 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылатынын айтты.