«eGov электронды үкімет порталының» қолданысқа енгізілгеніне - 17 жыл

«eGov электронды үкімет порталының» қолданысқа енгізілгеніне - 17 жыл
Сурет: Bluescreen.kz

Осы жылдар ішінде қазақстандықтар қанша қызмет алды?

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкиннің айтуынша, осы 17 жылдың ішінде порталға 14 млн қолданушы тіркеліп, 400 миллионнан астам қызмет алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Электронды үкімет порталы осыдан тура 17 жыл бұрын іске қосылған еді. Бүгінгі таңда 14 адам оның қолданушысы болып отыр. Бұл портал азаматтар мен мемлекеттің, бизнес пен мемлекеттің арасындағы өзара әрекеттің негізгі құралына айналды. Мемлекет көрсететін қызметтерді жеңілдетіп қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп отыр. Азаматтардың өмірін қолайлы ете түсті», - деді Ростислав Коняшкин.

Сондай-ақ, ол электронды үкімет жобасын жетілдіру жұмыстары Қазақстанды БҰҰ-ның цифрлық рейтингтеріндегі орнын нығайтқанын айтты.

«Электронды үкімет жобасы бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіріп отырмыз. Онлайн қызметтер көрсету жөнінен алғашқы ондыққа кіреміз. Осы жылдың аяғына дейін электронды негізде смартфон арқылы көрсетілетін мемлекет қызметтерінің үлесін 90%-ға жеткізу міндеті тұр. Мобильді қосымшаны қазірдің өзінде 3 миллиондай адам қолданып жүр. Бұлардың бәрі ай сайын оның қызметіне жүгінетін белсенді қолданушылар», - деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы.