Қапшағайда республикалық деңгейде бәйге өтті

Қапшағайда республикалық деңгейде бәйге өтті
Cурет: Baq.kz

Қайырымдылық шарасы

Наурыз мейрамына орай Қапшағайға қарасты Қосқұдық ауылында бәйге өтті. Оған еліміздің бірнеше өңірінен келген бәйге жылқылар қатысты, Almaty-akshamy.kz Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Қапшағайда Наурыз мейрамын тойлау барысында Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Қосқұдық ауылында «Аламан», «Топ», «Тай», «Құнан» бәйгелері ұйымдастырылды. 

Жарыс барасында Қапшағай өңірінің әкімі Нұрлан Орынбасарұлы сөз алып, халықты Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, атбегілерге сәттілік тіледі.
Сонымен бірге, ауыл ақсақалдары сайыс басталар алдында бәйгеге қатысушалырға жылы лебіздерін білдіріп, ақ батасын берді.
Әкімнің айтуынша, бәйгенің өткізуге өңірдің жастары бастама көтерген.

«Бізде Жастар қоғамы бар, солар бәйге өткізсек деген ұсыныс жасады. Біз қолдап, сый-сияпат жағынан көмектестік. Шарадан түскен қаражатты Жастар қоғамы қайырымдылық қорына аударсақ деген ойларын айтты, ол жағын өздері шеше жатар. Дегенмен, олар аз қамтылған 1-2 отбасына баспана салып береміз деп отыр, біз оны қолдаймыз, өз тарапымыздан шамамыз келгенше көмектесеміз»,-деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Жалпы, республика деңгейінде өткен бәйгеге еліміздің Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан және Алматы, Талдықорған қалаларының атбегілері қатысты. 

Соның ішіндегі 25 шақырымдық аламанға - 50 сәйгүлек, 15 шақырымдық топ бәйгесіне – 40,  8 шақырымдық құнан бәйгесіне - 50, 4 шақырымдық тай жарысына – 30 сәйгүлік шабысқа жіберілген. 

Жалпы есеп бойынша 100-ден астам тұлпар бақ сынасып, нәтижесінде топ бәйгеден – Батыс Қазақстан облысы, құнан бәйгесінен - Ескелді ауданы, тай бәйгеден – Жамбыл ауданы жүлделі орындарға ие болса, ал аламан бәйгеде Қордай ауданы бас жүлдені жеңіп алып, тігілген «Лада Гранта» автокөлігін қанжығасына байлады.