Егіс науқанына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді

Егіс науқанына 413 мың тонна дизель отыны бөлінді
Сурет: Latifundist.com

Барлығы 140 млрд теңге қарастырылған.

Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет қажетті шараларды қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің ресми каналына сілтеме жасап.

Алдағы науқанға барлығы 140 млрд теңге қарастырылған.

Жеңілдетілген бағамен 413 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Форвардтық сатып алуға 20 млрд теңге және субсидиялар түрінде 87 млрд теңге қарастырылған.

«Мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Бұл – агротехнологияларды қатаң сақтау және тыңайтқыштарды уақытылы қолдану», — деп атап өтті Премьер-Министр Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы республика бойынша тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің небәрі 26%-ын құрайтындығына назар аударды. Ал елде тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді.

«Өндірістің бәрін, ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет. Сарапшылардың бағалауы бойынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің диқандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – жиналған өнімнің жартысына жуық», — деді Премьер-Министр.

Сонымен бірге:

топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр;

суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді;

фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп осы бағыттағы жұмысты күшейту тапсырылды.

Жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстары да ерекше бақылауда болуы тиіс.

«Алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу керек. Бөлінген дизель отынын басқа жаққа «жасырын сататын» операторларға барынша қатаң шара қолдану керек», — деді Әлихан Смайылов.