Джо Байден "омикронмен" күресудің жолдарын айтты

Джо Байден "омикронмен" күресудің жолдарын айтты
Сурет: Russian.rt.com

АҚШ Президенті Джо Байден күннен-күнге өршіп бара жатқан "омикронмен" күресудің жаңа жоспарын ұсынды

Ақ үй басшысының айтуынша, үш негізгі бағыт қамтылмай, эпидахуал оңалмайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Байден қосымша 10 мың тестілеу орталығын ашып, үйде тапсыруға болатын 500 миллион ковидке арналған тест сатып алуды, ауруханаларға қосымша бір мыңға жуық жұмыс күшін тартуды тапсырды.

Демократ халық арасында дүрбелең салмауға шақырып, бустер екпесін алудың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде ковид вакцинасының бустерін тіпті АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамптың өзі де алғанын тілге тиек етті.

Осы орайда денсаулық сақтау саласының мамандары 330 миллион америкалықтың 62 миллионы ғана бустер екпесін салдырғанын мәлімдеді.

Ал АҚШ-тағы жаңа науқастардың 73 пайызы - "омикрон" жұқтырғандар.

«Халықтың көкейінде "2020 жылдың наурыз айындағы жағдай қайталануы мүмкін бе?" деген сұрақ тұр. Уайымдамаңыздар, қайталанбайды! Себебі қазір біздің қолымызда вакцина бар, ал ол кезде болмаған еді. Сондықтан екпе салдыруды кейінге қалдырмаңыздар. Балаларыңызды да қорғаңыздар. Осы уақытқа дейін 5 пен 11 жас аралығындағы 6 миллион бала екпе алып үлгірді», - деді АҚШ Президенті Джо Байден.