Алматыда белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өткен ер адамды пойыз қағып кетті

Алматыда белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өткен ер адамды пойыз қағып кетті
Сурет: Inform.kz

Алматыда ер адамды пойыз қағып, мерт қылды.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 8 маусым күні кешкі сағат 22:10 шамасында Алматы-1 және Алматы-2 станциялары арасындағы учаскеде болған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Көлік полициясының кезекші бөліміне жолаушылар пойызының белгіленбеген жерде теміржолды кесіп өтіп бара жатқан ер адамды қағып кеткені туралы хабарлама түсті. Зардап шеккен тұрғын алған жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды»,- дейді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ляззат Қасымжанова.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы немесе теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

«Өзге мәліметтер, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», - деп атап өтті ведомство өкілі.

Сонымен қатар, ол теміржолдың қауіпті аймақ екенін еске салды.