Дубай қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті

Дубай қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті
Сурет: 24.kz

Жыл басынан бері Дубайда 50-ден астам қазақстандық компания ресми тіркелген. Бүгінде олар кәсібін дөңгелетіп отыр.

Жалпы отандық тауар мен қызмет түрлерін Әмірліктер арқылы 2 млрд тұтынушыға жеткізуге мүмкіндік бар. Осылайша Африка, Таяу Шығыс, тіпті Оңтүстік Азия елдерін де қамтуға болады. Бұл туралы Дубайда тұратын отандастарымыздың алғашқы құрылтайында айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Соңғы 6 жылда Дубайда тіркелген қазақстандық компаниялардың саны 351-ден 637-ге жетті. Яғни биыл жаңадан 54 компания ашылған. Отандық кәсіпкерлер ұлттық тауарларымызды араб нарығына саудалап отыр.

Қазақстаннан саумалды әкеліп, құрғатылған саумалды осы Араб елдерінде сатамыз, арабтарға өте жақсы ұнайды. Өйткені өздерінің де жылқылары бар және олар түсінеді не екенін. Бірақ олардың «психологический барьер» деген бар, мынау жылқы сүтін ешқашан көрмеген, иісін, дәмін татпаған. Бірақ ептеп соны енгізіп жатырмыз», - дейді кәсіпкер Ғалымжан Мейрамбеков. 

Жиынға араб кәсіпкерлері де келіп, қазақтардың қуанышына ортақтасты. Олар төл өнерімізді тамашалап, ұлттық ойындарға белсене қатысты. 

Бейресми ақпаратқа сай, қазір Дубайда 10 мыңнан аса қазақстандық өмір сүреді. Бұдан басқа, осында елімізден демалу үшін күнде қаншама турист келіп жатыр. Аптасына 60-тан астам әуе рейсі қатынайды.