Достарын WhatsApp-пен алдаған қызға 91 мың айыппұл салынды

Достарын WhatsApp-пен алдаған қызға 91 мың айыппұл салынды
Сурет: Tengrinews.kz

Қыз WhatsApp-тағы топқа өзін такси жүргізушісі ұрлап кеткенін жазып, достарынан көмек сұраған.

Достарымен әзілдеспек болған 19 жастағы қызға 91 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Елордадағы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі бір жарымда «102» арнасына Е-565 көшесінде «Индрайвер» арқылы жолаушы таситын «Toyota Camry» автокөлігінің жүргізушісі қызды белгісіз бағытта алып кеткені туралы ақпарат түсті.

«Жас қыз WhatsApp мессенджеріндегі топқа өзін ұрлап әкетіп бара жатқанын айтып, достарынан көмек сұраған. Алайда тексеріс барысында мұндай факт расталған жоқ», - делінген хабарламада.

Анықталғандай, 19 жастағы бойжеткен чаттағы достарымен осылай әзілдеспек болған.
Бұл факті бойынша елорда тұрғыны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 438-бабы «Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру» бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 30 АЕК немесе 91 890 теңге айыппұл салынды.