Димаш Азиядағы ең ірі шаралардың бірінің сахнасында өнер көрсетті

Димаш Азиядағы ең ірі шаралардың бірінің сахнасында өнер көрсетті
Сурет: Ашық дереккөз

Кешті әнші әрі композитор Сонам Калра жүргізді

Димаш Құдайберген Үндістанның Мумбай қаласында өткен Азиядағы ең ірі шаралардың бірі – TEDxGateway конференциясының сахнасында өнер көрсетті. Almaty-akshamy.kz бұл туралы dimashnews.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

TEDxGateway халықаралық конференциясы маңызды жаңа идеяларды зерттеу және бөлісу бойынша ТEDx-тің жаһандық миссиясына арналған. Жыл сайынғы шара әлемді тереңірек түсінуге ұмтылатын түрлі мәдениеттер мен ұлттардың көрнекті өкілдерін біріктіреді.

Іс-шара Ұлттық өнер көрсету орталығында (NCPA) өтті. Театр 1982 жылы ашылған. Бүгінде бұл Мумбайдың танымал нысандарының бірі.

Кешті әнші әрі композитор Сонам Калра жүргізді. Хинди тілінде тәуелсіз фильмдердегі жұмысымен танымал үнділік кино және театр актрисасы Шефали Шах шара қонағы болды.

Конференцияның мәдени бағдарламасында Үндістанның ең үздік катхак бишісі және хореографтарының бірі Адити Мангалдаспен бірге Димаш Құдайберген өнер көрсетті.

Димаш пен оның Dears фандомын танымал продюсер Ральф Саймон таныстырды. Сахнада 3 ән - Golden, S.O.S және Give Me Your Love шырқалды.

Әртістің шығармашылық өмірінде үлкен рөл атқарған ең танымал және маңызды шығармалардың бірі, француз тіліндегі классикалық S.O.S әніне көрермен қызу қошемет білдірді.

Ағылшын тіліндегі «Golden» композициясы прогрессивті жастар аудиториясына тән әділдікке және алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге деген ұмтылысты көрсетеді.

Димаштың жігер мен оптимизмге толы авторлық «Give me your love» әні кешті аяқтап, залда және экранның ар жағында отырған көрерменге позитив пен энергия сыйлады.