Сапалы медициналық көмек әрбір адамға қолжетімді болуға тиіс

Сапалы медициналық көмек әрбір адамға қолжетімді болуға тиіс
Сурет: Ашық дереккөз

Халық денсаулығын сақтау – өте күрделі және көп шығынды қажет ететін процесс. Бұл процесте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің атқарар рөлі зор. Алматыда МӘМС жүйесін іске асыру қалай жүріп жатыр? Қандай өзгерістер, қандай қиындықтар бар? Осы және өзге де сауалдарымызға Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан ӘБІЛДАЕВ жауап берді.

– Бүгінде медицинаны қай жағынан алып қарасақ та, МӘМС тақырыбын айналып өту мүмкін емес. Жүйе енгізілгелі бері медициналық көмектің қолжетімділігі артты ма? 

– Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне үш жылға жуықтады. Сондықтан денсаулық сақтау саласында соңғы бірнеше жылда болған жетістіктер МӘМС жүйесімен тығыз байланысты. 

Медицинаның үш жыл бұрынғы бюджетімен қазіргі бюджет арасындағы айырма жер мен көктей. Мысалы, 2022 жылы алматылықтарға көрсетілетін медициналық көмекке 259,7 млрд теңге қарастырылған. Оның 142,7 млрд теңгесі – Оның 142,7 млрд теңгесі – м е м л е к е т  т а р а п ы н а н  б ө л і н е т і н  кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне, 117 млрд теңгесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне тиесілі. Яғни алдыңғы жылдарды айтпағанда, бір ғана биылғы жылы қаланың денсаулық сақтау саласының бюджеті қосымша 117 млрд теңгемен толығып отыр. Оның ішінде біз бен сіздің салалық мамандардан алған консультацияларымыз, әдетте бағасы 20 мыңнан кем тұрмайтын компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография, реабилитация қызметі, түрлі қымбат операциялар мен анализдер, экстракорпоральдық ұрықтандыру, жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін жоспарлы стоматологиялық көмек сынды тағы да басқа қызметтер бар Мысалы, өткен 9 айдың қорытындысы бойынша Алматы тұрғындарына МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген осындай қызметтерге 90,1 млрд теңге төленді. Бір қарағанда, бұл жай ғана цифр болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде сақтандырылған азаматтар қалтасынан шығатын шығынды қысқартып, осындай қызметтерді пайдаланды. 

– Ал сақтандырылмаған және жарна төлеуге мүмкіндігі жоқтар ше? Олар не істейді? 

– Шын мәнінде, бұл бір ғана өңір деңгейінде емес, республика деңгейінде шешуді қажет ететін үлкен әлеуметтік мәселе. 

Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондықтан азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мәселесінің маңызы өте зор. Сақтандырудың Қазақстанда 2020 жылы енгізілді. Соған қарамастан бүгінгі күні еліміз бойынша 3,2 миллионға жуық адам жүйеден тыс қалып отыр. Оның 432 мыңы – Алматы тұрғындары. 

Соның ішінде 296 мыңнан астамы 18 бен 45 жас аралығындағы еңбекке жарамды азаматт ар. Оларды қала экономикасына тарту қажет. Олар еш жерде жұмыс істемейді, яғни әлеуметтік жағынан қорғалмаған деген сөз. 

Дәл осы санатпен жұмыс істеу қажет. Жұмысқа орналастырып, қайта оқу курстарымен қамтып дегендей. Мысалы, бізде әртүрлі мемлекеттік еңбекпен қамту бағдарламалары бар, соларға тарту қажет жастарды. 

Сақтандырылмағандар тізімінде 29 жасқа толмаған 111 мыңнан астам адам бар екен. Оларды да жастарға арналған еңбекпен қамту бағдарламаларына тартса жақсы болар еді. 

Біреу «екі қолға бір күрек» таппаған соң жұмыссыз жүреді, біреу денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Жұмысқа жарамайтын, бірақ мүгедектік ала алмай жүргендер бар. Оларды Еңбекпен қамту орталықтары арқылы ресми тіркеуге қойса, олар үшін жарнаны мемлекет аударар еді. 

– Ал егер олар өзін-өзі сақтандырғысы келсе не істеуі керек? Жарнаны қайда, қандай мөлшерде төлейді? 

– Қазір МӘМС жүйесінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды сақтандыру тәртібі өзгерді. Жаңа механизм 5 қыркүйектен бастап толыққанды іске қосылды. Бұдан былай аталған санаттағы тұрғындар алдағы 12 айға жарна төлеп бір жылға сақтандыру статусын алу мүмкіндігіне ие болды. Яғни ай сайын 3000 теңге аударып, медициналық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік ауға болады. Мәселен, пациент МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалану үшін өткен жылдың берешегін өтемей, 2022 жылдың қараша айынан бастап 2023 жылдың қазанына дейін жарна аудара алады. Бұрынғы тәртіп бойынша сақтандыру статусын алу үшін өткен 12 айдың қарызын өтеу қажет болатын. 

Ең алдымен, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Себебі, сақтандырудың артықшылықтарын түсінгеннен кейін жарна төлеуден қашқан адамды көргеніміз жоқ. Мысалы, жақында біздің филиалға бір әйел келді. Дәрігерлер оған «Стенокардия» деген диагноз қойған. Жүрекке жасалатын отаның құны 567 мың теңге тұрады. Бірақ 12 айға 36 мың теңге жарна төлегеннен кейін операцияны МӘМС арқылы жасатуға болады. Сақтандырудың тиімділігі осында. 

– Ендеше, бұл денсаулық сақтау саласына ғана емес, пациенттер үшін де тиімді жүйе дейсіз ғой... 

– Дұрыс айтасыз. Қарапайым ғана мысал. Өткен 9 айда Алматы қаласында 77,1 мың компьютерлік томография (КТ) жасалған. Оған Қор тарапынан 1,2 млрд теңге бөлінді. Ал 62,8 мың магниттікрезонанстық томография (МРТ) қызметі үшін 937,3 млн теңге төленді. Сонымен қатар, қала бойынша онкологиялық ісікті анықтау мақсатында жасалатын 3112 ПЭТдиагностика қызметі көрсетілген. Оған 835,8 млн теңге төленді. Осыдан 3-ақ жыл бұрын мұндай бағасы қымбат тұратын қызметтерді халықтың белгілі бір санаттары ғана тегін пайдалана алатын. 

Сондай-ақ, бізде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын буын, бүйрек, жүрек алмастыру сынды тағы да басқа күрделі операциялар бар. Алматы қаласы бойынша жасалған осындай операцияларға Қор тарапынан 14,2 млрд теңгеден астам қаржы төленді, тағы 3,7 млрд теңге күндізгі стационар қызметіне жұмсалды. 

Бүгінде реабилитация, яғни пациент денсаулығын қалпына келтіруге бағаттылған оңалту қызметі де МӘМС арқылы қаржыландырылады. Өткен 9 айда оған 5,5 млрд теңге жұмсалды. Сөз орайы келгенде МӘМС-тің медициналық реабилитацияға бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтып, оның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бергенін де атап өткім келеді. Салыстырар болсақ, 2019 жылы оңалту қызметіне бар-жоғы 0,6 млрд теңге жұмсалған болатын. Ал 2022 жылы оған 7,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Өсім 13 есе. 

Соңғы жылдары экстракорпоральды ұрықтандыру қызметінің де жұртшылық үшін маңызы жоғары болып отырғаны рас. Бағасын көптің қалтасы көтере бермейтін ЭКО процедурасы 2020 жылдан бастап МӘМС пакетіне еніп, қарапайым жұртшылық үшін қолжетімді бола бастады. 2022 жылы ЭКО бағдарламаларына 3,2 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұған Алматы қаласы бойынша барлығы 3152 ЭКО жасалуы тиіс. Өткен 9 айда 2266 ЭКО жасалып, оған 2,3 млрд теңге төленді. Биыл оңтүстік астана бойынша аталған бағдарламаға 8 клиника қатысып жатыр.

– Сақтандыру пакетіне тіс дәрігерінің қызметі кіре ме? 

– 2020 жылдан бастап халықтың жекелеген санаттары үшін жоспарлы стоматологиялық көмек те қолжетімді бола бастады. Мысалы, 9 айда МӘМС шеңберінде 965 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілген, оған 2,4 млрд теңге төленді. Қазіргі таңда Алматыда МӘМС шеңберіндегі стоматологиялық көмекті 46 клиника көрсетеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек тегін көрсетіледі. Олардың арасында тісті жансыздандыру, химиялық пломба салу, терапевтің қабылдауы, пульпит пен перидонтитті емдеу, флюороз, гипоплазия кезінде тістің анатомиялық пішінін толық қалпына келтіру, тісті хирургиялық жолмен жұлу т.б. қызметтер кіреді. Ал шұғыл стоматологиялық көмек халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған санаттарына ғана көрсетіледі.

Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.