Денсаулық сақтау министрі Қарағандыдағы уланған балаларға барды

Денсаулық сақтау министрі Қарағандыдағы уланған балаларға барды
Сурет: Inform.kz

 Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағандыға жұмыс сапары барысында облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығына барып, зардап шеккен балаларға медициналық көмек барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қарағанды облысының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан түскен 14 баланың 5-і бүгінде ем алуда. Балаларда оң динамика байқалады, естері анық, ерте оңалып келеді», - деп жазылған министрлік хабарламасында.

Өз сөзінде министр жас пациенттердің денсаулығы жақсарып келе жатқанын айтты. Балаларды емдеу тәсілін республикалық мамандар үнемі бақылайды.

Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балалардың жағдайына және оларға медициналық көмек көрсетуге тұрақты мониторинг жүргізеді.

Еске салсақ, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі қайтыс болды.

Алтауы жансақтау бөліміне жеткізілді.

Тамыз айының басында тергеу аяқталғанға дейін орталық директорының міндетін атқарушы және осы орталықтың 12 медицина қызметкері жұмыстан шеттетілді.

Кейіннен балалар тамақтан уланбаған болып шықты.

28 тамызда уланған балалардың тағы біреуі ауруханада көз жұмды.