Дәрігерлер жол апатына түскен адамның аяғын сақтап қалды

Дәрігерлер жол апатына түскен адамның аяғын сақтап қалды
almaty-akshamy.kz

№7 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері жол апатына ұшыраған 40 жастағы ер адамды өлімнен арашалап қалды. Жарақат деңгейінің ауырлығы соншалық, оның оң аяғын кесіп тастау қаупі туындаған болатын, деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.

Аурухананың полижарақат бөлімшесі меңгерушісі Рамазан Әскеровтің айтуынша, пациент мұнда жедел жәрдеммен жеткізілген. Мопед жүргізушісі жолда апатқа ұшырап, көптеген жарақат алған. Келген кезде ол аса ауыр халде болғандықтан сынықтың ауқымын толық бағалау мүмкін болмады. 

«Мен мұны ерекше клиникалық жағдай дер едім. Апат кезінде науқас көптеген жарақаттар алған, денесінің мсау жері жоқ. Оң аяғының пішіні толықтай бұзылған, жіліншік аумағының терісі сыдырылып, езіліп қалған, үлкен жарық жара пайда болыпты. Сүйектері де сынған, сол себепті аяғының басы қозғалмай қалған. Әдетте мұндай жағдайда аяқты кесіп тастаймыз», – дейді Рамазан Әскеров.

Пациентті толық тексеріп шыққаннан кейін дәрігерлер мәскеулік хирург Денис Ремашевскимен бірлесіп аяқты қалпына келтіру операциясына кірісіп кетті. Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды. 

«Терісі, бұлшық еттері мен сүйек тіндерінің көп мөлшерде зақымданғанын ескере отырып мәскеулік әріптесімізбен бірге пластикалық қалпына келтіру операциясын жасау туралы шешім қабылдадық. Былайша айтқанда, жансызданған тіндер алып тасталды. Жіліншіктің арт жағындағы бұлшық еттерді алдыңғы жағына ауыстырып, санынан тері алып жалғадық. Операцияның бірегейлігі де осында», – дейді маман.

Айтуынша, қазір аутодермопластика әдісімен жалғанған тері орнықты, пациенттің жағдайы жақсы. Қазір ол ауруханадан шығуға дайындалып жатыр.