COVID-19: Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өту тәртібі жеңілдетілді

COVID-19: Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өту тәртібі жеңілдетілді
Сурет: Sohu.com

Уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды.

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ВАК отырысында қазақстандық және шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды.

Нәтижесінде, ведомствоаралық комиссия уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады: 

- Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына; 

- визалық талаптар сақталған жағдайда шетелдіктерге визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) Қазақстан Республикасының аумағына/аумағы арқылы кіруге/транзиттік өтуге.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары үшін автоөтпе жолдары арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайтылды, енді қазақстандықтар 15 тәулікте 1 рет шыға алады. 

Елге кіру кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцинациядан өтуіне қарамастан 72 сағат ішінде жарамды коронавирустың теріс ПТР тесті туралы анықтаманы ұсынуы керек. Еріп жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған кезде, 5 жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді. 

«Бұл шаралар экономикалық қызметті жандандыруға, отандық туристік бизнесті дамытуға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесу барысында Үкіметке коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша карантиндік шараларды қолдану тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын», - делінген ВАК мәліметінде.