Біздің ғалымдар Альцгеймер ауруына қарсы дәрі жасамақ

Біздің ғалымдар Альцгеймер ауруына қарсы дәрі жасамақ
Сурет: Еduconsulting.ru

Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университеттің ғалымдары Еуропалық Одақ грантын жеңіп алып, шетелдік әріптестерімен бірге дәрі жасауға қатысады.

Қазақстандық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасап жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, еліміздің ғалымдары Португалия, Нидерланды, Дания, Ресей, Беларусь және Украина ғалымдарымен бірлесіп, әзірлеушілер тобына кірді.

Дәрілік препаратты дайындау үшін Қазақстанның оңтүстік аймақтарында өсетін түйе тікенегі пайдаланылады. Отандық зерттеушілер өсімдіктен атеросклероздың бастапқы формаларын емдеуде тиімді биологиялық белсенді заттарды алды.

«Біз дәрілік өсімдік – түйе тікенегіне зерттеу жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің грантын алдық. Содан кейін біз оның құнды қасиеттерін анықтадық. Біз өзіміз ашқан жаңалықты Португалияда таныстырдық. Олар біздің ғылыми әзірлемелерімізге қызығушылық танытып, ынтымақтастық ұсынды. Жобаны орындау кезінде флавоноидтардың суда еритін формаларын аламыз, оларды көміртекті наноматериалдармен модификациялаймыз. Шетелдік ғалымдар жедел тест өткізіп, біз анықтаған наноматериалдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларының дамуына кедергі келтіретінін және пациенттерді аурудың алғашқы кезеңдерінде емдеуге көмектесетінін растады. Сонымен қатар түйе тікенегінен алынған модификацияланған биологиялық белсенді заттардың жанама әсерлері жоқ және адам денсаулығы үшін қауіпсіз болып танылды», – деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.