Бұлтарудың бір түрі

Бұлтарудың бір түрі
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

ӨКҚ брифингінде сөйлеген сөзінде Алматы қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Заңғар Шындали төлемді өз шоттарына қабылдайтын даяшылардың мобильді аударымдары тексеріле ме деген сауалға жауап берді. 

Қала тұрғындары қоғамдық тамақтандыру орындарында даяшылар төлемдерді өз нөмірлеріне мобильді аударымдар арқылы қабылдайтынын айтуда, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. Осы ретте бұдан соң  оларды декларациялаудың қажеті жоқ па және кафе мен мейрамхана иелері осылайша кірістерін жасырып отырған жоқ па деген сұрақ туындайды.

«Аударымдармен, әсіресе үшінші тұлғалардың шоттарына қабылдау дұрыс емес. Мұнда кірісті жасыру фактілері болуы мүмкін. Себебі даяшы мейрамхана иесінің кәсіпкерлік қызметімен ешқандай байланысы жоқ. Сондықтан мұнда бірінші кезекте төлемнің POS-терминалдар арқылы немесе қолма - қол ақшамен болуын талап ету қажет және міндетті түрде чектер талап етілуі тиіс», - деп жауап берді З.Шындали.

Сонымен қатар, мейрамхана иесі осы арқылы өз жұмысшыларына қауіп төндіреді, өйткені даяшыларға аударымдарды тексеру кезінде сұрақтар туындауы мүмкін.

Брифинг барысында мемлекеттік кірістер департаментінің өкілінен: егер аударымдарда алушыға «қайырымдылыққа» немесе «көмекке» хабарлама жазылса, бұл қосымша табыс болып саналмай ма деген сауал қойылды.

«Жоқ, есептелмейді. Себебі бізде қайырымдылыққа салық салынбайды», - деп жауап берді З. Шыңдәлі.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәсіпкерлік қызмет белгілері бар азаматтардың мобильді аудармалары тексеріле бастады.