Бояуларды «сөйлеткен» өрендер

Бояуларды «сөйлеткен» өрендер
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Жас шебер» қолөнер үйірмесі жұмыс істеп келеді. Онда балаларға арналған түрлі «шеберлік сабақтары» өтеді.  

Бұл жолы «Жас шебер» қатысушылары «Наурыз мейрамы» тақырыбында суреттер салды.

Өнерге құштар жеткіншектер акварель және гуашь қолдана отырып, мерекенің  әсемдігін ақ қағаз бетіне түрлі-түсті бояулармен өрнектеп жеткізуге тырысты. Жас суретшілердің туындыларынан олардың жүрек лүпілі, балғын қолтаңбасы, ізденістері сезіліп тұрды.
Сабақ барысында балалар «Қазақстан графикасы» көрмесімен танысып, өздеріне ұнаған туындыларын көрсетіп, әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ олар отандық суретшілердің жұмыс барысында қолданатын графика техникасы бойынша мәліметтер алды.

«Сабақ кезінде шығармашалыққа жаны құмар өрендер Наурызды графикада бейнеледі. Енді олар келесі дәрісте киіз басу өнерімен танысып, қазақи оюлармен аппликация – панно жасауды үйренеді», – дейді үйірме жетекшісі Айжан Құрбанова.