Наурызда жалғыз туғам жоқ!

Наурызда жалғыз туғам жоқ!
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Наурыз – көктем мен жаңару мерекесі. Күн мен түннің теңеліп, Жер дүниенің құлпыратын шағы.

Мереке қарсаңында Алматы қаласы әкімдігі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы аясында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделханның «Наурызда жалғыз туғам жоқ!» атты шығармашылық әдеби сазды-думаны өткізілді. Бүгінде бүтін ел азаматы, ел ағасы атына әбден лайық ұлын жұрты жатсынбай, жылышыраймен қабылдап, мәртебесін асырды.

Әуелеген ән шырқалып, жанға нәр беретін жыр оқылып, тыңдармандарды өзіне тәнті етті. Думанның алғашқы сөзін туған күн иесі Бақыт Беделхан бастап, дәл сол күні қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсірепов, М.Әуезовтің алдында ән салған Жәнібек Кәрменовтердің туғанын атап өтті. Әрі қарай өлеңмен өрбітіп, інілік ізетпен кезекті сөзді Бекжан Тұрысқа табыстады. Актер ағалық ақ тілегін айтып, ізгі ниетін білдірді.

Ақынның сөзіне жазылған лирикалық та рухты әндер тыңдарман көңілін көкке жетелеп, көркем иірімдермен есте қалды. Ғ.Мүсірепов айтқан «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» жолындағы ақынның қажырлы еңбегі «Темірен», «Асылтас» театрларының актерлері даярлаған композициялық қойылымдарынан көрініс тапты. Кеш қонақтары Сафуан Шәймерденов, Мақсат Жәутіков, Роза Әлқожа, Айбек Мұхаметәлі, Жігер Ауыпбаев, Әсет Есжан, Сағыныш Сенбі, Гүлжанат Мұхаметжан халықты мерекемен құттықтап, әсем әндерімен жүрек тербеп кетті. Құдайдың құтындай боп, ұлыстың ұлы күнімен қатар келген атаулы күн қыстан аман шыққан халықтың арқасын кеңге жазып, мәре-сәре күйге түсіріп, бір қуантқан думанға ұласты. Іргесі бұзылмаған елге тыныштық, ел еңсесін тіктер ерге қуат тіледік! Халық боп қуанар қуанышымыз көп болғай!