Боксшы Айдос Ербосынұлының денсаулығы жақсарып келеді

Боксшы Айдос Ербосынұлының денсаулығы жақсарып келеді
Сурет: Elorda.info

Қазақстандық боксшы кубалық Давид Моррельден нокаутпен жеңілген болатын.

Suleimen Promotions промоутерлік компаниясы қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлының денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info сайтына сілтеме жасап. 

 «АҚШ-тағы өкіліміздің сөзінше, боксшымыздың денсаулығы айтарлықтай жақсарды, соның ішінде физикалық жағдайы – Айдос өздігімен аяғын басып, жүре алады. Сондай-ақ боксшымыздың ақыл-есі жақсы. Онымен қоса, Айдос дәрігерлердің сұрағын түсініп, оларға оп-оңай жауап беріп жатыр. Мамандар мәліметіне сәйкес, Айдос тез сауығып келеді.

Өкіліміздің айтуынша, таяу уақытта боксшымыз ауруханадан шығарылып, Отанына оралуы ықтимал.

Сондай-ақ АҚШ-қа Айдостың жұбайы барды. Қазір ол боксшының жанында. Әрине, ол үшін бұл үлкен қолдау», - деп хабарлады Suleimen Promotions компаниясының өкілдері.

Еске сала кетсек, қараша айының басында қазақстандық боксшы кубалық Давид Моррельден нокаутпен жеңілген болатын. Супер орта салмақ санатындағы жекпе-жек WBA-дің «тұрақты» әлем чемпионы атағы үшін өтті.

Айқастан кейін А.Ербосынұлы шұғыл түрде Миннеаполис қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізілді. Оған «миына қан кету» диагнозы қойылды. Бұдан әрі ол жасанды түрде комаға жіберіліп, ота жасалды.