Блинкеннің Бейжің сапары: Саяси тәуекелдің үміті ақталды ма?

Блинкеннің Бейжің сапары:  Саяси тәуекелдің үміті ақталды ма?
Cурет: Sky News

Ақпараттық және саяси қысымдарға қарамастан, жексенбі күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Қытайға сапарлай барды. Этнони Блинкен мен Қытай Сыртқы істер министрі Цин Ган арасындағы кездесу 7 жарым сағатқа созылды. Бұл АҚШ–Қытай ортасындағы аз да болса дипломатиялық ілгерілеу болды. Екі елдің ресми ақпарат құралдары кездесуді «ашық» және «шынайы» болды деп бағалап жатыр. Вашингтон мен Бейжің шиеленіс күшейген қазіргі жағдайда екіжақты қатынасты тұрақтандыруға күш салуда.

 

БЛИНКЕННІҢ САЯСИ ТӘУЕКЕЛІ

Шет жұрт Блинкеннің кезекті сапарына неге назар аударды? Себебі, әлемнің алдыңғы екі экономикасы арасындағы қайшылықты қарым-қатынас бүгінгі жаһан келбетіне елеулі әсер етіп тұр. Көптеген халықаралық жағдайлар үшін Вашингтон мен Бейжің қатынасының қай бағытқа дамитыны маңызды. Оның үстіне, соңғы бес жыл ішінде АҚШ-тың бірде-бір мемлекеттік хатшысы Қытайға сапарлап бармаған еді.

Америкалық бас дипломаттың Қытай сапарына кедергілер де аз болмаған еді. Ақпан айында жоспарланған сапар кезінде «шар оқиғасы» дейтін шу шығып, сапар кейінге шегерілген. Ал кезекті сапарға дайындалып жатқанда қауіпсіздікке қатысты тағы бір мәселе шыққан еді. Ірі ақпарат құралдарында Қытай Куба жерінде Құрама Штаттарға қарсы барлау жүргізетін станция салғалы жатыр деген ақпарат тараған-тұғын. Бұл ақпараттың толқыны Ақ үйді күшті екпінімен соғып, Блинкен сапарынан бас тартуы мүмкін деген болжамдар да айтылды.

Соған қарамастан, Блинкен үлкен саяси мақсат пен тәуекелді арқалап Бейжіңге барды. Кеше ол екі күндік сапарын аяқтап қайтты.

 

БАРЫС-КЕЛІС ҚАЙТА ЖАНДАНА БАСТАЙТЫНДАЙ

Қытай СІМ-нің басшысы Цин Ган америкалық бас дипломатты жексенбіде (18 мауым) Бейжіңдегі Дяоюйтай мемлекеттік қонақүйінде күтіп алды.

АҚШ жоғары лауазымдыларының айтуынша, Блинкен мен Цин Ган кездесуі Вашингтон мен Бейжіңнің кезекті тап болып отырған дипломатиялық қиыншылықтарын негізгі тақырып еткен. Жеті сағаттан аса жеке кездесуде Блинкен аймақтық қауіпсіздік, есірткіге қарсы күрес, климаттың өзгеруі, жаһандық макроэкономикалық тұрақтылық, Қытайда заңсыз қамауға алынған америкалықтарды алмасу және Америка Құрама Штаттары мен Қытай халықтары арасындағы қарым- қатынастарды дамыту секілді мәселелерді өз тарапынан алға қойған. Бұлар оның Қытай сапарында жетсем деген негізгі дипломатиялық мақсаттары еді.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер кездесуге қатысты ресми мәлімдемесінде: «Мемлекеттік хатшы диалог барысында Америка Құрама Штаттары әрқашан америкалықтардың мүдделері мен құндылықтарын қорғайтынын баса белгіле- ді», – деп мәлімдепті. Оның айтуынша, Блинкен Цин Ганға Құрама Штат өз одақтастары мен серіктерінің мүддесін де батыл қорғайтынын, соған қоса ашық әрі еркін, халықаралық ережелерге негізделген әлем туралы көзқарасын да жеткізген.

Блинкен қытайлық әріптесін өз еліне шақырды. Цин Ган бұл ұсынысты қабыл алды. Демек, Бейжің – Вашингтон арасында дипломатиялық барыс-келіс қайта жандана бастағандай.

 

ВАН ИМЕН КЕЗДЕСУ НЕ БЕРДІ?

Дүйсенбіде Блинкен бұрынғы әріптесі, әрі Қытайдың Сыртқы істер жөніндегі жоғары лауазымды тұлғасы, ҚКП ОК Саяси Бюросының мүшесі, Орталық Сыртқы істер комиссиясы кеңсесінің директоры Ван Имен кездесті. Екі дипломат бұған дейін де талай мәрте дидарласқан сыралғылар. Сондықтан екеуінің кездесуі біршама ауқымды тақырыптарға ойысқан. Кездесудің мазмұнына қатысты мәлімет тек түстен кейін шыға бастады. Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарында Ван И Блинкенге Қытай–АҚШ қайшылығының түпкі себебі АҚШ-тың Қытайға қатысты қате түсінігі және Қытайға қатысты қате саясат жүргізуі деген. Ол сондай-ақ, АҚШ тарапынан «Қытай қаупі теориясынан» бас тартып, Қытайдың технологиялық дамуына кедергі келтірмеуді, ішкі істеріне орынсыз араласпауды сұраған. Бұған қоса, Тайвань мәселесінде Қытай ымыраға келе алмайды деген сыңайда ұстанымдарын жеткізген.

Сарапшылар Блинкен мен Ван Идің кездесуі Қытай басшысы Си Цзиньпиннің АҚШ өкілдерін қабылдауына жол ашты деп санайды. Былайша айтқанда, Блинкен Ван Имен аса маңызды тақырыптарды талқылап, пікір айырмашылығының қай деңгейде екені анықталғаннан кейін ғана ҚКП бас хатшысымен бетпе-бет жолығуға мүмкіндік туады.

Әу баста Блинкеннің Қытай басшысымен кезде сетіні туралы ешқандай мәлімет берілмеген болатын. Си Цзиньпиннің Блинкенді қабылдайтыны туралы ресми мәлімет тек кездесуден бір сағат бұрын ғана шықты. Сөйтіп, 19 маусымда түстен кейін ҚХР төрағасы АҚШ Мем. хатшысын Бумен конференц-залында қарсы алды. Кездесу үстеліндегі гүлдер, шай дастарханы, адам аттары жазылған тақтайшалар секілді детальдарға қарағанда Қытай тарапы кездесуге алдын ала дайындалғаны да байқалады. Бұның өзі көп түйткілге жауап беретін месседж.

Егер, Қытай басшысы америкалық бас дипломатпен қол алысса, бұл тараптардың ашық дипломатиялық жылымыққа қарай бет бұра бастағанын көрсетеді. Себебі, екі елдің арақатынасы суымай тұрып, Қытай басшысы Тиллерсонды, Помпеоны және Мэттис секілді түрлі лауазымды тұлғаларын қабылдай беретін.

 

ӘР ЕЛДІҢ ӨЗ АЙТАРЫ БАР

Текетірес кезінде екі ел дипломатиялық тұлғаларының кезде сіп жатуының өзі жеткілікті нәтиже. Кездесу кезіндегі саяси және ақпараттық қысымдардың ықпалын ескергенде, тіпті бұл көп ілгерілеушілік десек те артық емес. Бірақ кездесулерден кейін қос тараптың ресми мәлімдемелерінде аздаған айырмашылықтар байқалды. Әр тарап өзіне маңызды деген мәселелерді басымдыққа шығарды. Сондықтан Блинкен сапарының дипломатиялық жетістігі 100 пайызбен бағаланбай тұр.

Көптеген бақылаушылар Блинкеннің Ван Имен, Цин Ганмен кездесуі АҚШ пен Қытай президенттерінің кездесуіне жол ашады деп те үміттенген еді. Бірақ бұл нәтижеге жету үшін әлі де біраз қадам жасалуы қажет сияқты. Демек, АҚШ пен Қытай арасындағы тоң маусым–шілде айларында жіби қоймайды.