Білім мен сөмке арқалайтын баланың жүгі ауыр

Білім мен сөмке арқалайтын баланың жүгі ауыр
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Сонадайда 8-9 жастағы қыз бала кетіп барады. Жаңбыр жауып тұрған. Бір нәрсе есіне түсе кетті ме, әлгі бүлдіршін жотасындағы рюкзагін алып, су, батпақ болып жатқан жерге қоя салды да, ішіне екі білегін бойлата сүңгітіп жіберіп, бірдеңе іздей бастады. Іздегенін таппаған сыңайлы, сөмкесін қиралаңдап барып қайтадан арқасына іліп алды.

Ал сөмкенің ауыр екені алыста келе жатқан маған білініп тұрды.

Негізі, мектепке ұстайтын сөмкелерге де қойылатын өзіндік талаптары бар. Мәселен, мамандардың пікірінше, рюкзактың иықбауы жалпақ, иыққа батпайтындай болуы керек. Ол иықтан төмен тартпай, белден 5 сантиметр жоғары тұруы тиіс. Сосын сөмкені баланың жасы мен жынысына қарай таңдау қажет. Ішіне салынатын оқулықтардың бір-біріне тығыз орналасуы маңызды екен, яғни сөмке жотада қолпылдап тұрмауы керек. Сонымен қатар қараңғы кезде көзге шағылысатын жарқын түсті жолағы болған жөн, ол жаяу  жүргіншілер жолынан өтер кезде баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Португалия мамандары мектеп сөмкесіне қанша келі зат салу керектігін болжайтын формула ойлап тапқан. Нақтырақ айтсақ, оқушының сөмкесіндегі заттың салмағы бала салмағының 10%-ын ғана құрауы тиіс. Яғни баланың салмағы, айталық, 30 келі болса, сөмкедегі зат 3 келіден аспауға тиіс. Осы тепе-теңдік ескерілген жағдайда ғана баланың денсаулығына ешқандай қауіп төнбейді.

Иә, оқушының ең қажетті басты құралы – сөмке. Байқасаңыз, бала үшін мектеп сөмкесін таңдау да үлкен жұмыс, әрі қуаныш. Үш ай демалыстын соң жаңа оқу жылына өзгеше болып барғысы келеді. Олар көбіне түсіне, суретіне қарап таңдау жасап жатады. Алғашқы күндері үзіліс кезінде әсіресе, әдемілікке жақын қыздар жағы бір-біріне сөмкелерін көрсетіп, мақтанатыны да заңдылық. Ал сол қарапайым сөмке де баланың денсаулығын бұзып жатыр.

Бір жылдары отандық мамандардың «әрбір екінші баланың омыртқа жотасы қисайған» деп дабыл қаққаны есімізде. Бұл соңғы оншақты жылда күніне 5 келіден артық сөмке көтере бастаған балалардан байқалған. Ал «бүкірейген ұрпақтың» болашағы айтпаса да түсінікті.

Омыртқа жотасы – бүкіл денеміздің тірегі. Ал 6-7 жастағы балалардың омыртқа жотасы тез қисаяды. Бұл уақытта омыртқааралық шеміршектердегі зат алмасу процесі өте қарқынды жүреді екен. Сондықтан түрлі жағдайлардың әсерінен омыртқаның өсуі бұзылып, омыртқа жотасының патологиялық сколиозы пайда болады. Сондықтан дәрігер-мамандар рюкзакты дұрыс асынуға кеңес береді.

Осындайда балалық шағымыз Кеңес заманында өткен біздің мектеп сөмкеміз еске оралады. Екі иыққа асып алып кете беретін рюкзак деген жоқ о заманда. Қиралаңдағанның көкесі сол кезде болған шығар. Біз бір тұтқалы сөмке ұстап өскен ұрпақпыз. Қолымыз талғанда, екінші қолымызға ауыстырып алып, бір бүйірімізге қисайып алып кете баратынбыз. Солай.

Ал өркениетті мемлекеттердің біразында оқушылар мектеп оқулықтарын арқалап жүрмейді. Кітаптар мектеп сөресінде қалады. Үйге келген бала сабағын электронды оқулық, яғни планшет арқылы оқиды. Міне, ауыр сөмке мәселесінің қарапайым шешімі осы.

Тақырыпқа орай

«Мектепке өзім апарып, өзім алып қайтамын»

Дүрия ҚОЖАБАЙТЕГІ, зейнеткер:

– Ұл-келін күні бойы жұмыста, немереме өзім қараймын. Бір жағынан ермек. Мектепке де өзім апарып, өзім алып қайтамын. Сөмкесін де көтеріп келемін. Кейде өзім көтерейінші деп қарсыласатыны бар. Оған жел соқса ұшып кетейін деп тұрған жұқалтаң баламды аяймын. Әзірге бойымда күш-қуатым барда көтеремін ғой. Өзіңіз білесіз, бастауыш сынып оқулықтарының көлемі үлкендеу келеді. Бала болғасын, кейде сөмкесіне керек емес заттарын да салып алады. Ата-ана оны да бақылап отыруы керек.

Майра САРШАЕВА, балалар дәрігері:

– Ауыр сөмке баланың қан қысымының қалыптан шығуына әсер етеді. Тіпті, әлі бұғанасы қатая қоймаған оқушының кеуде сүйектері қисаюы да мүмкін. Мұның салдары мидың қалыпты жұмысына кері әсерін тигізеді. Тіпті, майтабандылыққа әкелетін қаупі бар. Ауыр сөмкені еңсеріп жүру үшін балаға кейде еңкейіп жүруіне тура келеді. Ал одан баланың көру қабілеті төмендеуі де мүмкін.

Жарқынай ЕСЕНАМАН, ата-ана:

– Шыны керек, сөмке сатып аларда, көбіне баланың таңдауына ерік беріп жатамыз. Ал бала сөмкеге қойылатын талаптарға қайдан құлақ ассын. Мәселен, биылғы оқу жылында қызым авокадо жемісінің суреті бар сөмкені «аламын да, аламын» деп тұрып алды. «Сенің денең нәзік, ал мына сөмкенің көлемі саған үлкендеу көрініп тұр» десем де тыңдамады, «жоқ, осы сурет сәнде қазір» деп. Алдық ақыры. Ол сөмкесі үлкен болғасын, оған дене шынықтыру киімдерін де нығарлап салып алады. Мектепке келгенде ауыстыратын аяқ киімі, үйден алып шығатын прәндігі, су құйып алатын ыдысы бар дегендей. Оқулықтары болса да ауыр. Қыс мезігілінде тіпті қиын. Шет елдерде мектепке кітаптарын тасып жүрмейді екен деп естиміз. Бізге де сондай жағдайлар жасалса дейміз.