Құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық туралы фильм кең прокатқа шықпақ

Құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық туралы фильм кең прокатқа шықпақ
Суреттер: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық туралы экшн-фильмді жарыққа шығарады.

Продюсерлердің айтуынша, «Жаза» кинокартинасы кинотеатрларда ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да нарықты дүр сілкіндірмек. Фильмнің режиссері – Дархан Төлегенов, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали киноның прокаты мен халықаралық деңгейде танымал етуге қатысты сұрақтарды пысықтау үшін продюсер Максим Акбаровпен кездесті. Ол басқаратын Golden Man Media шығармашылық тобы фильм өндірісімен айналысып жатыр.

«Бұған дейін фильмдердің жарнамасына қатысты жұмысты тек өзіміз атқаратынбыз. Қазір Киноны дамыту орталығы тарпынан қолдау бар, бұл – біз үшін үлкен көмек. Сейлз агент (sales agent) ретінде “Ниет” деп аталатын қазақстандық компанияны жұмылдырдық. Ондағы мамандар американдық QED International кинодистрибьюторымен серіктестік орнатып, Бред Питт ойнаған «Қаһар» және атақты «№9 аудан» фильмдерінің сатылымымен айналысқан болатын. Енді QED International біздің фильмге қызығушылық танытып отыр. Қазір барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Netflix, Amazon, HBO және Peacock сынды әлемдегі негізгі стримингтік платформалармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біздің фильм жарыққа шыққан соң, екі тараптың қауқарын көрсете алатындай нарықты дүр сілкіндіруі керек», – деді Максим Акбаров.

Көрермендер кинокартинаны үлкен экрандардан биыл күзде тамашалайтын болады. Қазір саундтректерді танымал артистер жазып жатыр, олардың есімдері фильмнің прокаты қарсаңында жарияланады.

«Фильмдер табыстарға жетіп, қаржы әкелуі керек. Өкінішке орай, шығармашылық топтардың кейбірі түсірілім жұмыстары аяқталғаннан кейін киноны қалай жарнамалап, жарыққа шығару қажет екенін немесе стримингтік платформаларға қалай ұсынуға болатынын білмейді. Сондықтан питчингтен кейін біз прокатқа шығару тетіктері мен халықаралық нарыққа қалай шығуға болатынын түсіндіру үшін кинематографистерге арналған тренингтер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Нарықта кинопродюсерлердің тапшылығы сезіледі», – деп атап өтті Құрманбек Жұмағали.