Биыл үш мыңға жуық алматылық су және кәріз желісіне қосылады

Биыл үш мыңға жуық алматылық су және кәріз  желісіне қосылады
Сурет:Waterresources.ru

22,7 км сумен қамту және кәріз желісі жүргізіледі.

Алматы қаласы Түрксіб ауданың үш мыңға жуық тұрғыны биыл  су және кәріз желісіне қосылады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Әкімнің айтуынша, «Шуақты», «Жас Қанат», "Төменгі бесжылдық" шағынаудандарында, сондай-ақ Закарпатская көшесінде 138,2 км желі салынуда (сумен қамту – 88,8 км, кәріз – 49,4 км). 

«Бүгінгі уақытта 62,2 км сумен қамту (35,6 км) және кәріз (26,6 км) желісі жүргізілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 22,7 км сумен қамту (13,7 км) және кәріз  (9,0 км) желісін жүргіземіз.Нәтижесінде, биыл «Шуақты» және «Жас Қанат» шағынаудандарының, сондай-ақ Закарпатская көшесінің 2,7 мың тұрғыны орталықтандырылған сумен қамту және кәріз желісіне қосылады. "Төменгі бесжылдық" шағынауданында желілердің  құрылысы 2023 жылы аяқталады. Бүгінде жұмыстардың 40%-ті орындалды, 98,4 км желінің (сумен қамту – 66,5 км, кәріз – 31,9 км) 40 км-і (сумен қамту – 27 км, кәріз – 13 км) салынды»,- деді Ерболат Досаев.

Осылайша, 2023 жылдың ІІІ тоқсанында "Төменгі бесжылдық" шағынауданының 16 мың тұрғыны қалалық желілерге қосылатын болады. 

«Әлмерек», «Қайрат», «Маяк» шағынаудандарына 55,8 км желі жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу аяқталды. Оның ішінде – 30,7 км сумен қамту және 25,1 км кәріз желілері. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2023 жылдың II тоқсанында бастауды жоспарлап отырмыз»,- деді әкім.

Ерболат Досаевтың айтуынша, өткен кездесуде көтерілген мәселелерді ескере отырып, орталық су бұру желісі жоқ ауданның 7 учаскесіне (9,5 мың үй) тексеру жүргізілді. 2023 жылдың ІV тоқсанына дейін осы мәселені шешу үшін кәріз желісін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады.